Kyzylorda-news.kz. 2020 жыл Қазақстан статистиктерінің өміріндегі ерекше жыл – Еліміздің Мемлекеттік статистикасының 100 жылдық мерей тойы.
Статистика – бұл біздің өмірімізді әсірелемей сипаттайтын сандар. Барлық мемлекеттердің өмірінде ресми статистиканың рөлі өсуде. Кез келген салада уақытылы және объективті ақпараттарсыз тиімді шешімдер қабылдау мүмкін емес.
Статистикалық органның негізгі міндеттерінің бірі – барлық пайдаланушыларды толық, шынайы және жедел статистикалық ақпаратпен қамту болып табылады.
БҰҰ заманауи қоғамда статистиканың ролін мойындап, 2010 жылдың 20 қазанын 5 жылда бір рет тойланатын Бүкіләлемдік статистика күні деп жариялады. Бүкіләлемдік статистика күні биылғы жылы үшінші рет аталып өтті.
Ұзақ уақыт Қазақстан Республикасының статистикасы Кеңес Одағы статистикасының бірыңғай жүйесінде жүзеге асырылып келді. Одақ ыдыраған соң түбегейлі қайта құру, нақты айтсақ, тәуелсіз мемлекет статусынасәйкескелетінмемлекеттік статистиканыңжаңа жүйесін құру қажеттілігі туындады.
Қазақстан статистикасының құрылу тарихының тамыры тереңде жатыр. Алғашқы Қазақ мемлекеті – Қазақ Хандығы туралы статистикалық мәліметтерді растайтын тарихи құжаттар бар. Шу мен Талас өзендерінің бойында (қазіргі Жамбыл облысының аумағында) ең алғаш құрылғанда (1459 жыл) ондағы халық саны 200 мың адамды құраған болатын, ал XV ғасырдың соңына 1 миллион адамға жетті. Алайда, заманауи Қазақстаннның аумағында тұрақты және орталықтандырылған статистикалық қызметтің пайда болуы XVIII ғасырдың екінші жартысына, яғни Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіру кезеңімен тұспа – тұс келеді.
Қазақстан территориясында бірінші жалпы халық санағы 1897 жылдың 9 ақпанында (28 қаңтарда) өткізілді.
1882 жылдың наурыз айында (Семей облысы статкомитетінің бірінші басшысы А.Ф.Карповтың бастамасымен), Семей қаласында өткен бірінші халық санағына Абай Құнанбаев қатысты. Оған 1886 жылы 4 мамырда Семей статистика комитетінің мүшесі ретінде сайланғаны дәлел. Шағын ғылыми еңбек болып табылатын қара сөздерінде Ұлы Абай сол кездегі қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық жағдайын сипаттайтын этнографиялық тұрмыстық, экономикалық тақырыптарын қозғайды.
Шоқан Уәлихановтың қазақтардың және Орталық Азия халықтарының этнографиялық, этнодемографиялық және әлеуметтік – тұрмыстық жағдайын көрсететін «Ыстықкөл сапарының күнделіктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Жоңғария очерктері», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы» ғылыми еңбектері статистикалық мәліметке толы.
Ыбырай Алтырсариннің ресми құжаттарында халықтың білімі мен қазақ даласындағы мектептердің жұмыс жағдайын сипаттайтын статистикалық мәліметтер көп.
Қазақстан территориясында құрылған бірінші ресми мемлекеттік статистикалық органға Түркістан губерниялық статкомитеті (құрылу күні 22 қаңтар 1868 жыл) және оған бағынышты Сыр-Дария және Жетісу облыстық статистикалық бюросы жатады. Алайда, 1920 жылға дейін Қазақстанда жоғарыда аталған және басқа да жергілікті статистикалық қызметтерді біріктіретін бірде бір статистикалық орган болған жоқ. Ресей Советтік Федеративтік Социалистік Республика құрамында (1920 жылғы 26 тамыз) Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы (КазССР) құрылуына байланысты, Қазақ АССР Үкіметі 1920 жылғы 8 қарашадағы «Казақ АССР-ндағы мемлекеттік статистика туралы ережесін» бекітіп, ҚазССР-дың Статистика басқармасы құрылды. Осылайша, Қазақстанда бірыңғай орталықтандырылған статистикалық орган 1920 жылдың 8 қарашасында құрылды және бұл күн Статистика күні деп жарияланды.
1938 жылы Қызылорда облыстық халықшаруашылығы есебін жүргізу басқармасы құрылып, ал 1941 жылы Мемлекеттік жоспарлау бөлімінің құрамында облыстық статистикалық басқармасы құрылды.
1948 жылы статистика органдарының құрылымында тағы да өзгеріс болды. Орталық Статистика Басқармасы СССР Мемлекеттік жоспарлау Комитетінен бөлініп шығып, Министрлер Советіне қарасты орталық статистика басқармасы болып қайта құрылды. Облыстық статистика басқармасы Қазақ ССР Министрлер Советіне қарасты Республикалық Статистика басқармасына тікелей бағынышты болды.
Статистика органдарындағы келесі өзгерістер: 1987ж. – Қазақ ССР Мемлекеттік статистика комитеті Қызылорда облыстық статистика басқармасы, 1997ж. – Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің Қызылорда облыстық Статистика басқармасы, 2008ж. – Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің Қызылорда облысының Статистика департаменті, 2014ж. – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті Қызылорда облысының Статистика департаменті.
Қызылорда облысының Статистика департаменті, өз қызметінде 2010 жылғы 19 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік статистика туралы» заңын басшылыққа алады.
Биыл Мемлекет басшысы өз Жолдауын мемлекеттік басқарудың жаңа моделімен бастады. Өзгерістер статистика органына да әсер етті.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 8 қыркүйектегі № 407 Жарлығымен тікелей Президентке бағынысты Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылды, оған Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің кейбір функциялары мен өкілеттіктері, оның ішінде мемлекеттік статистикалық қызмет саласындағы функциялары мен өкілеттіктері берілді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті тиісті штат санымен бірге Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің қарауына Ұлттық статистика бюросы етіп қайта құрумен берілді.
Жаңа әдістер пен технологияларды ендіре отырып, халықаралық стандарттар мен үздік шетелдік тәжірибелердің негізінде мемлекеттік статистиканы жетілдіру арқылы статистиканың жаңа дамыған жүйесіне қол жеткізілді.
Статистиктер еліміздің тарихи дамуының барлық сатыларында түрлі деңгейдегі басқарушылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретін шынайы деректерді ұсынып келеді. Бүгінде олар жоғары дамыған экономикасы мен әлеуметтік инфрақұрылымы бар көп ұлтты мемлекет – Қазақстанның табысты дамуы үшін ақпараттық негізді қалыптастырып отыр.
Департамент тарихында тәуелсіздік алғаннан кейін, алғаш рет 1999 жылы (халық санағының қорытынды мәліметі бойынша облыс халқының саны 624991 адамды құрады) және екінші рет – 2009 жылы (облыс халқының саны 678794 адам) Қазақстан Республикасының Халық санағына қатысуы, сонымен қатар 2006 жылы Бірінші ауылшаруашылық санағын жүргізуі маңызды оқиға болды. Сонымен қатар, бес жылда бір рет жүргізілетін мульти-индикаторлық кластерлік зерттеуге (МИКЗ) қатысты. ҚР Үкіметі және БҰҰ (ЮНИСЕФ) балалар қорының бірлескен бағдарламасы аясында жанұя денсаулығы, білім және бала тәрбиесі бойынша бірегей зерттеу жүргізілді. ҚР Президенті жанындағы әйелдер және жанұялық – демографиялық саясат ісі бойынша Ұлттық комиссиясының және ҚР Сыртқы Істер министрлігінің Халықаралық Ынтымақтастық Департаменті өкілдерінің қатысуымен «Тұрақты дамудың гендерлік мақсаты» конференциясы өтті.
Статистикалық байқауларды жүргізуді жетілдіру жөніндегі тапсырмаларды жүзеге асыру аясында 2007 жылы «бір терезе» қағидасы бойынша есептілік қабылдау іске асырылды.
Бүгінгі таңда, Статистикалық ақпараттарды жинау және өңдеу барысында жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен қолданамыз.
2013 жылдан «Е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйесі аясында «Деректерді on-line режимде жинау» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Ол респонденттерге статистикалық органға бармай-ақ сандық қолтаңба арқылы есептілікті тапсыруға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері 150 000 статистикалық есептілік, оның 85% онлайн режимде қабылданды. Бұл ретте, ірі және орта кәсіпорындар есептіліктерін 100% онлайн режимде тапсырды.
Қазіргі таңда, статистикалық ақпаратты жинаудың сапасын жақсарту мақсатында, пікіртерім жүргізудің компьютерлендірілген жүйесі мен телефон арқылы сұрау әдісі енгізілді.
Халыққа көрсетілетін қызмет түрлерін оңтайландыру үрдісіне байланысты, қайтыс болуды тіркеуге қатысты пилоттық режимінде 2020 жылдың 1 қарашасынан 1 желтоқсанға дейінгі кезеңде медициналық ұйымдар тіркеген өлім туралы медициналық куәліктердің саны мен қайтыс болу туралы тіркелген акт жазбаларының саны бойынша салыстырмалы талдау жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі және Статистика комитетінің ақпараттық жүйелері интеграцияланады.
Қазіргі уақытта жыл сайын 150-ге жуық статистикалық бақылаулар жүргізіледі. Соңғы 10 жылда енгізілген жаңа статистикалық байқаулар: «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен тауарлардың өзара саудасы туралы есеп», «Электрондық коммерция туралы есеп», «Отын мен энергияны тұтынуы бойынша үй шаруашылығын зерттеу сауалнамасы», «Құрылымы және жалақыны бөлу туралы есеп», «Коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру бағасы туралы есеп», «Тауарларды өнімдердің экспорттық жеткізілімдер мен импорттық түсімдер бағасы туралы есеп» «Өндірушілердің көрсетілетін қызметтеріне бағалары туралы есеп», «Шаруа немесе фермер қожалықтарының негізгі капиталына салынған инвестициялар туралы есеп».
Біздің қызметіміздің маңызды бағыттарының бірі «Мүгедектігі бар тұлғалардың өмір сапасы», «Халықтың құқық қорғау органдарына сенімділік деңгейі», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық», «Ұрпақ және Гендер» әлеуметтік және демография мәселелері бойынша іріктемелі халықтық зерттеулер тұрақты түрде жүргізілуде.
Жыл сайынғы Мемлекет басшысының Жолдауында назар аударатын тағы бір мәселе, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – азаматтардың барлық конструктивті сұраныстарына жедел және тиімді жауап беру.
Соңғы уақытта статистика саласы пайдаланушыларға уақытылы, объективті және қолжетімді болып түбегейлі өзгерді. Ресми статистикалық ақпаратқа пайдаланушылардың қол жетімділігі артты.
Статистика салалары бойынша 2020 жыл басынан бері Департаменттің Интернет ресурсына 10 статистикалық басылым, 215 бюллетеньдер және 172 жедел-ақпарат (кезеңділікті есепке алғанда) орналастырылған.
Қызылорда облысының Статистика департаменті статистикалық ақпаратты пайдаланушылардың қанағаттануы мақсатында жыл сайын Ашық есік күнін өткізеді, статистикалық ақпаратты тарату түрлері ұдайы жетілдіріліп отырады.
Бұқаралық ақпарат құралдары бұрынғысынша статистикалық ақпаратты қоғамға жеткізудің ең шұғыл және тиімді түрі болып келеді. Статистика салалары бойынша жыл басынан бері 130 баспасөз хабарламалары жарияланды.
Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін интерактивті режимде статистикалық деректерді таратудың жаңа құралы Statkz мобильді қосымшасы іске қосылды.
Мемлекеттік статистика органдары қызметтерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында және ақпараттық-имидждік саясатын қолдау мақсатында барлық жедел ақпарат орналастырылған Фейсбук әлеуметтік желісі бар. Онда барлық шұғыл статистикалық мәліметтер, пайдалушылар мен респондеттер үшін хабарландырулар орналастырылады.
Деректермен электрондық түрде алмасып отыруды қамтамасыз ету үшін «е-статистика» Ақпараттық Жүйесін Әділет министрлігі, Қаржы министрлігі, Ауылшаруашылық министрлігі, Денсаулық министрлігі, Білім министрлігі және т.б. меморандарының 26 ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жүзеге асырылды, бұл органдардың әкімшілік деректері статистикалық ақпаратты өндіру барысында статистика органдарымен пайдаланылуы мүмкін.
Сонымен қатар, «Е-статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйенің жобасы шеңберінде тегін, кез келген уақытта Интернет желісі бар пайдаланушыларға ыңғайлы форматта үлкен көлемді деректерді тез талдауға мүмкіндік беретін “Талдау” Ақпараттық-сараптамалық жүйесі құрылды.
Статистика – сандар жайлы ғылым. Адамзат тарихын сандармен көрсету депте айтуға болады. Көпшілік, Статистика – іш пыстыратын, жалаң сандар деп ойлайды, алайда статистиканың маңызы зор. Мысалға, 2019 жылғы мәліметтер бойынша облыс көлемінде 100 жас және одан жоғарғы жастағы қарттарымыз -13 адам, оның 12-сі ауылдық жерде тұрады. Өткен жылы 368 егіздер мен 2 үшем (ү.ж. 9 айында сәйкесінше 320 егіздер мен 2 үшем) дүниеге келді. Балаларға ең сирек кездесетін Мінсізай, Аңдашхан, Альифинур, Хахназархан, Ханкерей, Абдуллах, Рамиз есімдері берілуде. Облыстағы аудандар арасында қазақтардың басым көпшілігі 99,9% Арал ауданында тұрады. Туудың 1000 адамға шаққандағы ең жоғары деңгейі 23,89 адам Арал ауданында, ал ең төменгі 19,63 адам Сырдария ауданында тіркелген. Тәуелсіздік алғаннан бері облыс халқының саны 211,1 мың адамға көбейіп, өсу қарқыны 35,6% құрады. Облыстағы халықтың өмір сүру ұзақтығы ерлерде 60,5 жастан 68,93 жасқа дейін, әйелдерде 68,6 жастан 76,68 жасқа дейін өскендігі байқалады. Республикада облыс тұз өндірісі және күріш өндіру бойынша бірінші орында, шикі мұнай өндіру бойынша үшінші, балық өңдеу бойынша төртінші орында.
2012 жылы Департаментте сапа менеджементі жүйесі енгізіліп, СТ РК ИСО 9001-2009 «Сапа менеджементі жүйесі. Талаптар», ал 2018 жылы СТ РК ISO 9001-2016 «Сапа менеджементі жүйесі. Талаптар» ұлттық стандарттар талабына сәйкестік сертификатын алды.
Департаментте статистикалық қызметтің сапасына және қарым қатынасқа әсер ететін негізгі процестер анықталып, сапамен басқару принципі жүзеге асырылды. Оның ішінде, процестік тәсіл, көшбасшылық, пайдалануышыларға бағдар беру.
Облыстық статистика департаменті қауырт жұмыстың арасында ұжымдастардың бірге демалуына да үлкен мән береді. Біздің ұжымымыз жыл сайын мерейтой иелерін құттықтап, еңбек ардагерлерін іс-шараларға шақырып, олардың тыныс-тіршілігінен үнемі хабардар болып отыруды дәстүрге айналдырған. Жыл сайын 1 қыркүйек күні ұжымдастардың мектепке алғаш баратын балаларын құттықтап, мектепке қажетті құрал-жабдықтарын сыйға тартамыз.
Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай, департамент қызметкерлері арасында ойшыл, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың шығармаларын мәнерлеп оқудан челлендж эстафетасы ұйымдастырылды.
Статистика департаментінің ұжымы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жобасының іс-шарасына, үздік мемлекеттік қызметшілер сайысына, облыстағы мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған спартакиадаларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Қызылорда облысының Статистика департаментінің командасы мемлекеттік қызметкерлер арасында 25-ші спартакиадасында “Үздік спорттық ұйым” номинациясына ие болды.
Мемлекеттік статистикасына 100 жыл толуына орай «100 қайырымды іс» акциясы ұйымдастырылып, акция барысында Департаменттің соғыс және еңбек ардагерлеріне, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға, Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы екі отбасына көмек берілді.
Сонымен қатар, Департаментте алпыс адамнан тұратын Ардагерлер кеңесі құрылған. Дәстүр бойынша, жыл сайын ол кісілер департаментте өткізілетін барлық салтанатты шараларға шақырту алады. Ардагерлер өздерінің жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, статистикада болып жатқан жаңалықтарға қызығушылық танытады. Департаменттің жастары осындай шараларға үлкен ықыласпен қатысады, аға буын статистиктерімен өткен әр сағаттың құндылығына көз жеткізген олар, барлық қызықты және пайдалы ақпаратты алуға тырысады. Әз-Наурыз, Құрбан айт мейрамы мен Қарттар күніне ардагерлерге материалдық көмек көрсетіліп, бағалы сыйлықтар табыс етіледі.
Қазақстандық статистиктердің тарихи даму кезеңінде барлық табыстар мен жетістіктерге ең бірінші жоғары дәрежелі, өз ісіне берілген мамандар арқылы қол жеткізді.
2012 жылы ҚР Үкіметінің Қаулысымен статистика тарихында алғаш рет «Статистика үздігі» төс белгісі бекітіліп, өзінің лауазымдық міндеттерін үлгілі атқарып, жоғары жетістіктерге қол жеткізген Департаменттің 23 қызметкері марапатталды.
Қазақстан статистикасы органдарының қызметінде көптеген оқиғалар мен фактілерге, тарихтың жарқын беттері, соның ішінде ең жарқын өмірлерін статистикаға арнаған керемет адамдардың өмірбаяндарымен толықты (ұлы Отан соғысының ардагерлері: Сатыбалдиев А., Қазанқапов Ө., Әділбеков С., еңбек ардагерлері: Өтегенов Ә., Сапар Б., Ким Л.А., Канцева К.А., Масленникова М.Т., Шоқатаева С., Наурызбаева К., Төлеуова А., Ли М.Я., Мәндібаева Р., Жидебаева А., Ермекова Г.С. және басқалары). Статистика тарихының қалыптасуы мен дамуын білуіміз және ұмытпауымыз керек, себебі өткенсіз болашақ жоқ екенін білеміз.
Статистиканы қоғамның дамуының айнасы деп бекер айтпаса керек, себебі бірде бір мемлекет пен адам статистикасыз өмір сүре алмайтыны анық. Біздің кішкене бөлшегімізге айналған цифрларымыз облыс және жалпы республикада өткізіліп жатқан реформалардың басты қозғаушы күшіне айналғанына мақтанамыз.
Бүгінгі айтулы күнде ресми статистиканың дамуы мен гүлденуі ісінде мемлекеттік статистика органдарының барлық министрліктер мен ведомстволар, жергілікті атқару органдары, ғалымдар, респонденттермен және басқа да пайдаланушылармен өзара қарым-қатынас құруы өте маңызды іс екенін айта кеткім келеді.
Құрметті әріптестер!
Сіздерді айтулы мереке – Қазақстан Республикасы статистика органдарының құрылғанына 100 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздерге шын жүректен барлық жоспарларыңыздың іске асуына, жарқын болашақ, қаржылық әл-ауқат, кәсіби табыстар, шығармашылық жетістіктер мен өркендеу, қызметкерлерге мықты денсаулық және сәттілік тілеймін!
Мариям БАЕКЕЕВА
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің
Статистика комитеті Қызылорда облысының
Статистика департаментінің басшысы
Мариям БАЕКЕЕВА