Kyzylorda-news.kz. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Қазалы ауданының ардагерлеріне Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың құттықтауы жеткізілді.

Жеңіс мерекесі күні Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев Ұлы Отан соғысының ардагері, 96 жастағы Тілеуберген Тубабергенов қарияның шаңырағында болып, облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың мерекелік құттықтауын табыстады.

Тубабергенов Тілеуберген 1924 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Басықара елді мекенінде дүниеге келген. 1942 жылы қаңтар айында Қызыл әскер қатарына шақырылған.

Ол неміс басқыншыларынан Белоруссияны, Польшаны, Чехословакияны, Кениксберг, Калининград қалаларын азат етуге қатысқан. Ұлы Жеңісті Берлин қаласында қарсы алып, елге 1947 жылы оралған.

1948 жылдан бастап теміржол станциясында 1982 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін қызмет атқарған. Бүгінгі күні 7 баладан 31 немере, 16 шөбере сүйіп отыр.

Сондай-ақ, бүгін Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Б. Жарылқапов ҰОС ардагері, 97 жастағы Қабақ Смағұлұлы қарияның шаңырағында болып, облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың мерекелік құттықтауын табыстады.

Қабақ Смағұлұлы 1923 жылғы 1 шілдеде Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылында дүниеге келген.
1942 жылы әскер қатарына шақырылған. Туланы азат етуге қатысқан. Орел қаласы бағытында ауыр жараланып, Горький қаласындағы әскери госпитальде тоғыз ай емделген. Сол жылдың желтоқсан айында соғысқа қатысып, 1943 жылы ауыр жарақат алып, елге оралған.

Соғыстан кейінгі жылдары Жаңабасшылық, Октябрь колхоздарында ферма есепшісі болған. Одан кейін № 24 мектепте, аудандық оқу бөлімінде, санаториялық мектеп-интернатта қызметтер атқарған.

ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «СССР Қарулы күштеріне-70 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30, 40, 50, 60, 65 жылдығы» медальдарымен марапатталған.

Бүгінгі күні 10 бала тәрбиелеп, 31 немере 16 шөбере сүйіп отыр.

Тағы да оқыңыз: