Kyzylorda-news.kz. Қазалы аудандағы барлық қала, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілуіне орай Қызылорда облысы әкімі аппараты және облыстық әділет департаментімен бірлесіп құқықтық оқыту өтті.

Құқықтық оқытуға қала, кент, барлық ауылдық округтердің әкімдері мен заңгер, есепші мамандары және тиісті бөлімдердің басшылары қатысты.

Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап ашып, жиынның маңыздылығына тоқталды.

«2020 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде аудандағы барлық қала, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізіледі.

Келер жылы аудандағы халық саны екі мыңға жетпейтін қалған 17 ауылдық округ әкімі аппаратына (Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Майдакөл және Аранды ауылдық округі әкімі аппараттарынан басқа) жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті беріледі. Мемлекеттік бюджеттің 4-ші деңгейін, яғни ауылдық округтердің дербес бюджеттері қолданысқа енгізілсе азаматтардың тиісті бюджеттік жобаларын талқылауға қатысуының тетіктері жұмыс істейді. Мемлекеттік бюджеттің 4-ші деңгейін енгізу шаралары аясында тиісті қабылданған құқықтық актілеріне уақытылы өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет», – дейді Бақытжан Дүзелбайұлы.

Қызылорда облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің әдіскері Әуелбек Исаев, Қызылорда облысының Әділет департаментінің нормативтік құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің бас маманы Нұрсұлу Арзықұлова және облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы Мәріп Әкбар және Қызылорда облыстық ақпараттық технологиялар орталығының маманы Болат Әбітаев құқықтық оқыту семинарын өткізді.

Семинар барысында қатысушыларға шешім жобасын дайындау мен Әділет департаментіне жолдау тәсілдері түсіндіріліп, аталған мәселе жөнінде қажетті мәліметтер берілді. Жиын соңында қатысушылар өз пікірлерлерін білдіріп, қойған сұрақтарына тұщымды жауап алды.

Тағы да оқыңыз: