Kyzylorda-news.kz. ҚР Президентінің Жолдауынан туындайтын міндеттер мен алдағы жоспарлар, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы тапсырмасына байланысты Қызылорда облысының аудан әкімдері есеп бере бастады. Алғашқылардың бірі болып Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жайында есеп берді.

Әйтеке биде құрылыс қарқынды
Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 600 орындық мәдениет үйінің құрылысы салынуда. Нысанның ірге тасы қаланып, кірпіш қалау жұмыстары жүргізіліп, төбе шатыры жабылып, нысанның терезелері салынды. Ішкі әрлеу және кафель жабыстыру жұмыстары жүргізілді. Мәдениет үйі екі қабаттан тұрады. Ғимаратта 600 орындық көрермендер залы, стол ойындарына арналған бөлме, мерекелік және салт-дәстүрді насихаттау залы, хор бөлмесі, бейнелеу өнер, кітапхана және оқу бөлмелері қарастырылған. Мәдениет үйі биыл пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар кентте жаңа емхананың құрылысы басталды. Емхана ауысымына 250 келушіге қызмет көрсетпек. Нысан құрылысын бастау үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Емхана құрылысы 2021 жылы аяқталып, халық игілігіне берілетін болады.

Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 2017 жылы 18 пәтерлік 5 тұрғын үйдің құрылысы басталып, өткен жылы аяқталып, халық игілігіне берілді. Биыл қараша айында қалған 1 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 18 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Яғни, 2019 жылы 5 арендалық тұрғын үй 31 көпбалалы отбасыға, оның ішінде 18-і ата-ана қамқорлығынан айырылған және жетім балаға, 31-і әлеуметтік осал топқа, 10-ы апаттық деп танылған тұрғын үйлері бар азаматқа, ал биыл 4-і көпбалалы отбасыға, 5-і ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім балаға, 4-і әлеуметтік осал топқа , 5-і бюджеттік сала қызметкеріне беріледі.
Қазалылықтар көгілдір отынға қол жеткізуде
Бүгінде Қазалы қаласын газдандыру бойынша облыстық және аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының жұмысы жүруде. Газдандыру жобасы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан әзірленді. Жобада 9 дана газ реттегіш пункті, 58,9 шақырым, оның ішінде жоғары қысымды 9,663 шақырым, 48,783 шақырым төмен қысымды газ құбыры қаралған. Қаладағы барлық 1558 тұрғын үй көгілдір отынға қосылатын болады.
Оған қоса, Ғани Мұратбаев ауылына кварталішілік газ құбырларының құрылысы жүргізілуде. Құрылысқа облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Бүгінде жұмыстың 70 пайызы аяқталған. Жоспар бойынша барлық жұмыс қара айының 20-сында бітеді. Орта қысымды газ желісі Әйтеке би кентіндегі Үштаған жанынан бастау алады. Жобада 6,1 шақырым орта қысымды газ желісі, 12,2 шақырым төмен қысымды газ желісі, 2 газ реттегіш қаралған. Барлығы 293 абонент қамтылады.
Екі ауылға сервистік су желісі тартылды
Биыл Жанқожа батыр елді мекеніндегі тұрғын үйлерге сервистік су желілері жүргізіледі. Аталған нысанның құрылысын бастауға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсын жүргізуге жұмыстар жасалуда. Нәтижесінде 334 тұрғын ауыз су сервистік желісін пайдаланатын болады. Сондай-ақ, Майдакөл елді мекеніндегі тұрғын үйлерге сервистік су желілерін жүргізуге де аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жоба әзірленді. Жоба аясында 208 тұрғын ауыз су сервистік желісін пайдаланады.
Көпсалалы қызмет көрсету кешені бой көтерді
Қазалы ауданының аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойынан тағы бір көп салалы қызмет көрсету кешенінің құрылысы жүргізілуде. Әйтеке би кентіне жақын жердегі «Қашқан су» көлінің жағасындағы 3 гектар аумақта қонақ үй, тамақтану орны, автотұрақ, автокөлік жуу орталығы және шағын маркет ашылып, жолаушылар мен тұрғындарға қызмет көрсететін болады.Сондай-ақ, ауданда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойынан «Арзан Сити», «Мирас» кешендері, «Sinooil», «TS Қызылорда мұнай өнімдері» жанар-жағар май бекеттері пайдалануға беріледі.
Көпқабатты тұрғын үй қатары көбейеді
Биыл Әйтеке би кентінде 2 қабатты 12 жалдамалы тұрғын үй құрылысы салынады. Қазіргі таңда тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, Қазалы қаласы және Әйтеке би кентінен 2 пәтерлі 10 арендалық тұрғын үй құрылысын салу жоспарлануда. Аталған тұрғын үйлерге аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді.
Сондай-ақ кентте 1 қабатты 4 пәтерлі 10 жалдамалы тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жалдамалы тұрғын үй құрылысына кредит есебінен республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Жобада бір үйде 4 пәтер, 10 үй, барлығы 40 пәтер қаралған. Жалпы ауданы 2284,6 шаршы метр. Тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
42 жоба іске асырылуда
Қазалы ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 42 жоба жүзеге асырылуда. 1084 адам жұмыспен қамтылып, әлеуметтік нысандар жаңғыртылудан өткізілуде. Яғни, бағдарлама шеңберінде Ғ.Мұратбаев ауылына табиғи газ тарту, Ақсуат ауылына 150 орындық клуб салу, ауданды абаттандыру, көшелер орташа жөнделіп, жарықтандырылды. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасуда.
Жолдар жаңарды
Биыл Әйтеке би кентіндегі 26 көше жөнделді. Жартысынан астамына екі қабат асфальт төселді. Сондай-ақ, Абай Құнанбаев көшесін асфальттау үшін жұмыстар басталды. Мұнан өзге, біршама көшелерге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қиыршық тас төселді.

Сонымен қатар Майдакөл ауылдық округінің Алпысбай Нұрпейісов атындағы көшесіне жол салынды. Аталған көше талапқа сай кеңейтіліп, аяқ су құбырлары ауыстырылды. Электр бағаналары жол бойымен түзу орналастырылды. Айта кетейік, бұрын бұл жерде жол болмаған.
Кірпіш шығаратын цехтың жұмысы жандануда
Аудандағы күніне 12 мың кірпіш шығаратын шағын цехтың жұмысы жанданып келеді. және тұтынушының сұранысы бойынша тауарды уақытылы өндіреді. Қазіргі таңда, цехта 30-ға жуық адам еңбек етуде. Сондай-ақ, шығарылған кірпіштер әзірге Қарағанды мен Жезқазған қалаларына тапсырыспен жөнелтілуде. Жергілікті өнімнің бағасы да тұрғындар үшін қолжетімді. Бүгінде цехқа қажетті шикізатты Арал ауданының Ақбай ауылы маңынан әкелуде.

Ауылдарға «BEELINE» ұялы байланысының желісі тартылды
Қазалы ауданы Шәкен ауылына «Вeeline» ұялы байланыс желісі орнатылып, мобильді интернетке (3G) қол жеткізілді. Аталған жоба «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асты. Сондай-ақ, Қазалы ауданы бойынша бағдарлама аясында 2020 жылдың соңына дейін 4 елді мекенді Kcell және Beeline операторлары арқылы 3G/4G сымсыз технологияларымен және мобильді ұялы байланыс қызметімен қамтамасыз ету жоспарланған.
