Қазалыда егін шаруашылығын әртараптандыруға 114 гектар жер бөлінді – Kyzylorda News
Басты бет

Қазалыда егін шаруашылығын әртараптандыруға 114 гектар жер бөлінді

24.06.2022, 17:31

414 0

Kyzylorda-news.kz. Егін егу маусымы басталар алдында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев азық-түлік қорын көбейту және сырттан алатын өнімдерге деген тәуелділікті азайту үшін әр аудан, қаладағы ауылдарда егін егуге арнайы жер дайындауды және бақша дақылдарын егуді тапсырған еді. Нәтижесінде, аймақта 1454 гектар жер көлемі дайындалды. Қазалы ауданына сапары барысында Ақжона ауылдық округіндегі егістік алқабына барды.

Бақша дақылдарын егумен айналысатын шаруалармен кездесіп, егін мәселесінде пікірлесті.

Облыс әкімі қазіргі кезде егісті әртараптандырудың маңызды екенін және әр ауылдың өзіндік ерекшелігін ескере келе, өнімділікті көбейту қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, арналарға су жеткізу, насос қондырғыларын уақытылы алу мәселесін жеделдетуді тапсырды.

Айта кетейік, Қазалы ауданында егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында 114 гектар жер бөлініп, 228 отбасына үлестірілді. Оның ішінде 30 гектар картоп, 70 гектар көкөніс, 14 гектар бақша дақылдары орналастырылатын болады.

Майдакөл ауылы тұрғындарына бау-бақша көкөністерін егу үшін Бекарыстан би және Түктібаев аралығындағы тас жолдың бойындағы Құлпыбай учаскесінен бау-бақша егу үшін 30 гектар және Қурайлы, Бозарық каналы бойынан 20 гектар, Жаңаталап учаскесінен 20 гектар жер учаскелері бөлінген. Мұнда шаруалар қауын, қарбыз, картоп өнімдерін егеді.