Kyzylorda-news.kz. Қазалыда аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ашық есік күні» өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған шарада аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен бөлім басшылары тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Аудан әкімдігінің ғимаратында таңертең 9:00-де басталған қоғамдық қабылдау түскі сағат 13:00-ге дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында 200-ге тарта аудан тұрғыны көкейтесті сұрақтарын қойып, өтініш-тілектерін жеткізді.

Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевтың қабылдауында болған тұрғындар негізігінен тұрақты жұмысқа тұру, тұрғын үй алу, атаулы әлеуметтік көмек сияқты мәселелерді қозғады.

Арасында қоғамдық мәселелерді көтерген азаматтар да болды. Мәселен, Бердібай Пәуешов мен Ұлболсын Өтегенова Әйтеке би кентіндегі Астана көшесін жөндеп, осы көшемен жүретін 6 қоғамдық көліктің тоқтап қалғандығын жеткізді. Ал, Серік Қожақов Н.Бекежанов көшесінің электр жарығы әлсіз, жиі сөнетінін айтып шағымданды.

Сондай-ақ, кент тұрғындары Айбосынов бұрылысы, Жанқожа батыр, Н.Бекежанов көшелерін және Жанқожа батыр №102 үйді жөндеуден өткізу туралы ұсыныс айтты.

Өз кезегінде аудан басшысы тұрғындар сұрағына жауап берді. Барлығы заң аясында шешілуі қажет екендігін айтып, тиісті бөлім басшыларына тапсырма берді.

Тағы да оқыңыз: