Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентіндегі “Қазалы Су сервис” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына барып, ұжым мүшелерімен кездесті.

Кездесуде кәсіпорында қазіргі таңда орын алған қиыншылықтардан шығу жолдары сөз болды.

Кәсіпорын жұмысы мен қазіргі таңдағы қалыптасқан жағдай туралы директордың міндетін атқарушы Әзім Ешмұрат айтып берді.

Аудан орталығындағы “Қазалы Су сервис” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны халыққа суды таратушы желілер арқылы беру және сарқынды суды бұру қызметтерін көрсетеді. Мекеме қарамағында 9 теміржол, 9 бюджеттік, 17 өзге ұйымдар мен 365 тұрғын үй бар.

Сондай-ақ Сырдария өзені жағалауындағы ашық су көзінен су тазарту, тарату станция арқылы Әйтеке би кентінде орналасқан 7 теміржол, 2 бюджеттік, 5 өзге де кәсіпорындарды техникалық сумен қамтамасыз етеді.

Бүгінгі таңда мекемеде 38 жұмысшы еңбек етеді. Өткен жылы кәсіпорын жұмысын оңтайландыру мақсатында 24 жұмысшы-қызметкер қысқартылған.

Қазіргі таңда да мекеменің жағдайы мәз емес. Жұмысшылар шілде, тамыз айларындағы жалақыларын алмаған. Оның негізгі себебі пандемия жағдайында көптеген қызмет түрлері қысқарып, табыс көзі азайған. Оның үстіне қыркүйек айынан бастап көрсетілетін қызметтердің тарифтік бағасы 2 есеге дейін түсіп кеткен.

Кездесу соңында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бірінші кезекте кәріздік насос басында қиын жағдайда жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың жалақысын беру керектігін айтты. Кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Әзім Ешмұратқа тариф бағасын тезірек бекітіп, барлық жалақы қарыздарынан құтылу жолдарын тезірек қарастыруды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: