Қазалы ауданының әкімі халыққа есеп берді – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Қазалы ауданының әкімі халыққа есеп берді

31.01.2020, 10:40

603 0

Kyzylorda-news.kz. Былтыр қазалылықтар көптен күткен «Әлсейіт» көпірі ел игілігіне берілді. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде аудан орталығында 18 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызылды.

Бұл туралы аудандық мәдениет орталығында қорытынды есеп берген Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев айтып берді.

Сондай-ақ, аудан басшысы былтыр Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі орталығынан аудандар арасында алғаш рет мекемелер үйінің зәулім ғимараты бой көтергенін жеткізді.

Бұл ғимаратта аудан әкімдігімен қатар, аудандық мәслихат пен 9 бөлім орналасқан. Бүгінгі таңда аудан әкімдігінде «Ашық әкімдік» жобасы жүзеге асырылуда. «Open Space» жобасы аясында әртүрлі мекемелердің қызметкерлері халыққа бір жерден қызмет көрсетіп жатыр. Енді түрлі мекемелерге құжат тапсыратын тұрғындар бір жерден кеңес алып, жұмыстары жеңілдейтін болады.

Өткен жылы аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуде көптеген жұмыстар атқарылды.

«Аудандағы өте нашар жағдайдағы Бозкөл мен Кәукей ауылдарының аралығындағы жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын білесіздер. Жобаның жалпы құны ауқымды. Осы жұмыстарды жалғастыру үшін 2020 жылға қосымша қаржы қаралып отыр. Жолды толық аяқтау үшін әлі де қаржы қажет. Сонымен қатар, 2018 жылы Қазалы қаласынан Қарлаңға және Қарлаңнан Қожабақы ауылына дейін, Қожабақы ауылынан Ү.Түктібаев ауылына дейінгі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары басталған болатын. Биыл осы жұмыстарды толық аяқтау облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Дәл осындай жұмыстар Басықара ауылынан Абай ауылына дейінгі жолға да жүргізілген еді. Осы жолды аяқтау үшін біршама қаржы қажет. Сондықтан, жыл аяғына дейін Кәукейдің және осы Абайдың жолдарын аяқтауға қажетті қаржыны бөлдіруге жұмыс жасаймыз», – деген аудан басшысы 2019 жылы 7 бағыт бойынша жолдарды жөндеу жұмыстары жасалғанын тілге тиек етті.

Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Мәселен, биыл аудан орталығынан ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхананың құрылысы басталады. Сондай-ақ, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы жолды 4 жолақты ету жұмыстары басталады.

Есептік кездесуге арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мұрат Имандосов Қазалы ауданы барлық көрсеткіштер бойынша аймақтағы үздіктердің қатарынан көрінгенін, оған барлық қазалылықтардың қосқан үлесі зор екенін атап өтті.

Ал, Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Баймырза Қожамберлиев аудан әкімінің есебінен қасиетті Қазалы ауданында атқарылған ауқымды жұмыстарға қанық болғанын тілге тиек етіп, іргелі істерге риза болғанын жеткізді.

Тұрғындар тарапынан Әйтеке би кентіндегі жолдарды жөндеу, жарықтандыру, Бекарыстан би ауылынан балабақша, Бозкөл және Кәукей ауылдарынан дәрігерлік амбулатория салу сияқты мәселелер көтерілді.

Аудан тұрғындары әкімнің есебінен кейін ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

Есептік кездесуден кейін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

0

Пікір қалдыру