Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев елді мекендердің жем-шөп дайындау және тұрғындардың төрт түлігінің жай-күйімен танысу үшін елді мекендерді аралауды жалғастыруда.

Аудан басшысы Майдакөл мен Абай ауылдарына және Қазалы қаласына арнайы барды. Бірінші кезекте Қазалы қаласы мен ауылдық округ әкімдері жем-шөп дайындау жұмыстарының барысымен таныстырды.

Ақжона мен Сарыкөл ауылдық округтері бойынша эпизоотиялық ахуал тұрақты. Тіркелген мал басында ешқандай жұқпалы ауру тіркелмеген. Екі ауылға да қажетті мамандар жеткілікті. Бұл туралы аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа аудандық ветеринариялық станция бастығы Болат Әміреев айтып берді.

Аудан әкімі Майдакөл ауылына сапары кезінде бақша еккен тұрғындармен кездесті. Майдакөлдік тұрғындар ауыл маңындағы «Бозарық» каналына жақын жерден бау-бақша дақылдарын еккен. Бүгінгі күнге дейін «Дүзбаев» шаруа қожалығы 100 тоннадан астам қарбызды сатқан. Күні кеше ғана 60 тоннаға жуық қарбыз Ақтөбе қаласына жөнелтілген. Шаруашылық бригадирі Талап Дүзбаев қарбыздан бөлек, асқабақ пен картоп егілгенін, тұрғындардың қол еңбегінің арқасында мол өнім алғанын жеткізді.

Бақша басында Мұхтар Оразбаев ауыл тұрғындарының еңбекқорлығына ризашылығын білдіріп, көпке үлгі екенін айтты. Аудан әкімі бақшаға барған уақытта майдакөлдік Жамбыл Емжаевтың Қостанай қаласына жіберу үшін 30 тонна қарбызды автокөлікке тиеп жатты.

Сонымен қатар Абай ауылының тұрғындары бақша дақылдарын үйдің ауласына егіп, мол өнім алады. Абайлықтар биыл бірінші рет «Өгіз бөгет» учаскесінен топтасып бақша еккен. Алты гектар жерге егілген бақша насос арқылы суарады.

Бақша басына арнайы келген аудан басшысына Шектібай Мереков мән-жайдың барысын түсіндірді. Жаз бойы еткен еңбектің нәтижесінде бақша мол өнім бергенін айтты.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Абай мен Басықара ауылының арасындағы жолды асфальттау барысымен танысты.

Екі елді мекен аралағындағы жолды «Строй Модуль Астана» ЖШС асфальттап жатыр. Аудан басшысы жолды жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатқандығын ескертіп, кейбір учаскелердегі жолдың сапасы сын көтермейтіндігін айтты. Тиісті сала басшыларына жолдың сапасына аса қатты мән беруді тапсырды.

Қазалы қаласының тұрғындары ертеден бау-бақша егіп, Қазалымен қатар, көршілес аудандарды да көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етеді. Олардың бақшалық жері қаланың «Қарлаң» көпіріне қарай жүретін күре жолдың екі қапталында орналасқан. Негізінен қияр, қызанақ, болгар бұрышы, қызылша, картоп, жуа, сәбіз сияқты өнімдерді егеді.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевпен кездескен тұрғындар өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Мұнан соң аудан басшысы Қазалы қаласында орналасқан аудандық ветеринариялық станция жұмысымен танысты. Мекеме басшысы Болат Әміреев аудан бойынша эпизоотиялық ахуал туралы баяндап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Сонымен қатар, аудан бойынша 100-ден аса қызметкер жұмыс жасайтын мекемеге жаңа ғимарат қажет екендігін айтты.

Тағы да оқыңыз: