Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды “Тәуелсіздіктің 30 жылдығы” деп жариялады. Бұл туралы Президент Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен Мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде айтты.
“Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт. Тәуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – жаңа дәуірдегі Қазақстанның негізін қалаған ұлы қайраткер. Оның есімі жасампаздық жылнамасына Қазақ мемлекетінің авторы ретінде жазылды. Міне, егемен еліміздің өміріндегі тағы бір мерейлі белес жақындап келеді. Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Сондықтан, мен келесі жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияладым”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.