Қармақшылықтар кәсіпкерлікке бет бұрып келеді – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Қармақшылықтар кәсіпкерлікке бет бұрып келеді

09.10.2020, 15:00

293 0

Kyzylorda-news.kz. ҚР Президенті Жолдауынан туындайтын міндеттер мен алдағы жоспарлар, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы тапсырмасына сәйкес Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта атқарылуы тиіс жоспарлар жайында баяндама жасады.

Қармақшыда құс фабрикасы болады

Қармақшы ауданында жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы салынуда. Аудан әкімінің айтуынша, фабриканың құрылысы жақын арада аяқталады. Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында салынып жатқан жобаның құны 1,9 млрд теңгені құрайды. Биыл құрылыс жұмыстарына 1,2 млрд теңге жұмсалған. Қазіргі таңда құс фабрикасының әкімшілік және бақылау-өткізу пунктінің, 6 құс цехының және инкубациялық цехтың құрылыс жұмыстары, құс сою цехының металл конструкциялық жабынын монтаждау жұмыстары жүргізіліп, құс фабрикасының аумағы қоршалған. Индустрияландыру бағытындағы жобалар мұнымен тоқтап тұрған жоқ. Үшінші бесжылдық шеңберінде «Тұрған тамы» шаруа қожалығының «Балық өңдеу шағын зауытын ашу» жобасы да қолға алынған. Қазіргі таңда жоба Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді. Құны 100 млн теңгені құрайтын жобаны іске асыру 2021-2022 жылдарға жоспарланған.

Төрт жобаға жер телімі берілді

Қармақшыда 4 индустриялық жобаны жүзеге асыруға жалпы ауданы 3,1 гектар жер телімі берілді. Қазіргі таңда, индустриялық аймақта «Мир-2001» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс құмын және бетон бұйымдарын өндіру цехы жұмыс жасап, бордюрлер, брусчаткалар, сплиттерлік блоктар шығарып, құрылыс құмын өндіруде. Жоба аясында 12 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, қалған индустриялық жобалар бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Қармақшылықтар кәсіпкерлікке бет бұрып келеді

«Кәсіпкерлік саласының жандануы қандай кезеңдеде болмасын тұрғындардың әл-әуқатының артуына әсерін тигізеді. Биыл аудан кәсіпкерлері 2176,0 млн теңгенің өнімін шығарды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 43,7 пайызға артып отыр. Жыл басынан бері 411,2 млн теңгені құрайтын 90 жоба несиелендіріліп, 277 азаматқа 166 млн теңгенің гранты берілді», – дейді аудан әкімі.

Ауданда шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында биыл 36 өндірістік шағын жобалар іске асырылған. Атап айтар болсақ, 11 тігін цехы, 2 шағын наубайхана, 5 кондитерлік цех, 1 жылыжай, 1 алма бағы, 1 бал шығару жобасы, 2 пластик шығару цехы, 4 жиһаз шығару цехы, 1 күріш ақтау цехы, 2 құс шаруашылығы (жұмыртқа өндірісі) байланысты жоба, 1 жалюзи шығару цехы, 3 жоба құрылыс материалдарын шығару саласында, 2 жем шығару цехы бар. Ауданға қарасты Дауылкөл ауылдық округінде шағын макарон цехы іске қосылды.

Сонымен қатар кәсіпорын жем шығару және құрылысқа қажетті рубироид-қара қағаз, сетка рабица өндіруді қолға алмақшы. Қазіргі таңда цехтың құрылыс жұмыстары аяқталып, құрал-жабдықтары сатып алынған. Сондай-ақ, Жаңажол ауылдық округінде «Жаңажол» ЖШС бастамасымен газоблок шығару іске қосылды.

Жаңажолда жаңа сорт орылды

Ауданда биыл барлығы 22 912 гектар жерге егіс орналастырылды. Оның ішінде 13 496 гектарына күріш дақылы себілді. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 835,8 гектарға, ал күріш көлемі 1137 гектарға кем егілгенімен, бүгінгі күнге күріш дақылының әр гектарынан 61,5 центнерден алынып, 66 мың тонна өнім жиналды. Күрішті жинау жұмыстарын 15 қазанға дейін аяқталу жоспарлануда.

«Биыл ауданда алғашқы рет «Жаңажол» ЖШС 100 гектарға «Сыр сұлуы» отандық жергілікті күріштің сортын егіп, қазіргі таңда әр гектардан 71 центнер өнім алынып, 710 тонна өнім жиналды», – дейді Мұса Қалдарбеков.

Мал шаруашылығы дамып келеді

Биыл қармақшылық шаруалар мемлекеттік бағдарламалар аясында 388 мал сатып алды. Атап айтқанда, «Олжа» шаруа қожалығы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Аграрлық Несие Корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы асыл тұқымды 120 бас аналық, 6 бас қазақтың ақ бас асыл тұқымды бұқасы алынса,ал «Елубай» шаруа қожалығы 30 бас аналық, 2 бас қазақтың ақ бас асыл тұқымды бұқасын алды. Ал «Еңбек» бағдарламасы аясында және «Микробизнес Қызылорда» несие серіктестігі арқылы 14 жоба қаржыландырылып, 167 бас мүйізді ірі қара, 63 бас жылқы малы алынды.

Ақайда 100 үйге «Алтел 4G» модемі орнатылды

Биыл Қармақшы ауданына «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Дауылкөл, ІІІ Интернационал, Иіркөл, Қармақшы, Алдашбай ахун, Ақжар және Ақтөбе ауылдық округтеріндегі мемлекеттік мекемелерге кең жолақты интернет желісі орнатылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта Activ және Tele 2 ұялы байланыс операторлары тарапынан 3G жылдамдықтағы интернет желісін орнату жоспарлануда. Мұнан өзге, үстіміздегі жылдың тамыз айында «Қазақтелеком» АҚ тарапынан Ақай ауылдық округіндегі 100 үйге «АЛТЕЛ 4G» модемі орнатылып, пайдалануға берілді.

Мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды

Ауданда 1579 жаңа жұмыс орынын ашу жоспарланған. Бүгінде 1494 адам жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының І бағыты бойынша қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз етуүшін қайта даярлау курсы ашылды. 20 азамат оқып, сертификат алды. Мұнан өзге, бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 118 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, жастар тәжірибесі арқылы 277 адам жолдама алып, 98-і жұмысын аяқтады. Ал 38-і тұрақты жұмысқа орналасты. Алдағы уақытта да жұмыссыздықты болдырмау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіледі. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 275 адамның жобасықайтарымсыз грантқа, 270-іне берілді.

Колледж жатаханасынан провизорлық стационар ашылады

Күзгі мезгілдегі Короновирус инфекцияның болжамды екінші толқынына жүйелі дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қармақшы аудандық ауруханасында 100 төсек орындық провизорлық стационардан бөлек Аграрлық техникалық колледж жатаханасынан 100 төсек орындық провизорлық стационар ашылады. Қазіргі таңда 30 дәрігер, 50 медбике жұмыс жасауға дайын. Аудандағы 10 дәрігер жаңа COVID-19 инфекциясының эпидемиологиясы және профилактикасы бағытында білім жетілдіру курстарынан өтті. Бұл бағытта жұмыстар алдағы уақытта да қатаң бақылауда бола береді.

0

Пікір қалдыру