Қармақшыда ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Қармақшыда ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

14.02.2020, 10:40

603 0

Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданындағы Жастар саябағында ауған соғысында қаза тапқан интернационалист жауынгерлерге арналған митингі өтті.

Шара Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 31 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Аталған шарада қорғаныс істер бөлімінің басшысы Р.Тұрғанов, аудандық «Ауғанстан және аймақтық соғыс ардагерлері кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Ерманов сөз сөйлеп, ауған соғысының аяқ­тал­ғанына 31 жыл толғанымен, сол бір зұлмат жылдардың қайғы-қасіреті әлі де болса көптің кө­кейінде екенін айтты. Талай отбасын қан жылатқан сол соғыста біреу ұлынан, енді біреу асыл жарынан, ал біреулер әкелерінен айырылды. «Қыр­шын кеткен боздақтардың ерліктеріне тағзым етіп, құрмет көрсету – біздің мін­детіміз», – деп атап өтті.  

Шара барысында Ауған соңысының ардагерлері Жосалы кенті орталығындағы Ауған соғысында қаза тапқан батырларға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Деректерге сүйенер болсақ, облыс бойынша соғысқа қатысқан 860 адамның 20-сы қаза тауып, 28-і мүгедек болып оралды.

Қармақшы ауданынан Ауғанстан жеріндегі соғысқа 87 азамат аттанған болса, үшеуі майдан даласында қаза тапты.

Ауған соғысында ерлігімен көзге түскен Роман Досаев, Данабек Нұрмаханов, Мархабай Сандыбаев «Қызыл жұлдыз» орденімен, Бақытжан Оспанов, Қуаныш Ниязбаев, Әділ Жұмағұлов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінде де шара ұйымдастырылды.

Мұнда ең алдымен ауған соғысында ерлікпен қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонан соң аудан әкімінің орынбасары Жарқын Омаров сөз алды.

«Кеңес дәуірінің тарихында ең қаралы беттерінің бірі – Ауған соғысы. Жүздеген жас жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандасымыз оқ пен оттың ортасынан жарақатпен оралды. Он жылға созылған сұрапыл соғысқа «Бірінші міндет – Отанды қорғау» деп түсінетін патриот азаматтарымыз аттанған болатын. Жылма-жыл ақпан айында Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. «Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» дейді дана қазақ халқымыз. Мемлекет бұйрығын орындап, Отан алдындағы борышын ерлік шежіресімен өтеген Ауған соғысы құрбандары мен ардагерлерін ұлықтау бүгінгі ұрпақтың міндеті де парызы», – деді Жарқын Омаров.

Сонымен бірге аудан әкімінің орынбасары Жарқын Тұрмаханұлы ауған соғысының бір топ ардагерлеріне  аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.

Сонау ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған сын сағаттарда бірін-бірі бауыр дескен қазақ сарбаздары қазіргі таңда Тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикасын нығайтуда еңбек етуде.

0

Пікір қалдыру