Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданының тұрғыны Шарһан Оспанов африкалық 2 түйеқұс асырап отыр.

7 жылдан бері құс шаруашылығымен айналысып келе жатқан Шарһан Оспанов бұл кәсіпті хоббиіне айналдырған.

Оның айтуынша, бұл түйеқұстарды өткен жылдың маусым айында Алматы қаласынан балапан күйінде алып келген. Жарты жылдан астам уақыт өтсе де, олар әлі де балапан күйінде екен. Ауыл тұрғыны қазіргі таңда түйеқұстарды суық, құрғақ жерге үйретуде.

“Бұл түйетауықтардың салмағы 19-25 келіні береді. Сатып алып, етін жейтіндер бар. Әйтеуір ырза болып жатады. Ал бұл ірі құсқа өзім қатты қызықтым. Түйеқұс әлі 3 метрге дейін өседі. Одан соң жынысы анықталады. Санын көбейтіп, балапанын, жұмыртқасын сатпақпын. Бұл бір жақсы кәсіп болатын сыңайлы. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қайтарымсыз несие алғым келеді. Солай инкубатор алып, ойымдағыдай кең кепе салып, құстарымды соған жайғастырсам деген ниетім бар, – дейді Шарһан Оспанов.

Айта кетейік, ауыл тұрғынының бұдан басқа да мақсаты көп. Ол алдағы уақытта павлин мен ерекше құс цесарка алғысы келеді.

Тағы да оқыңыз: