Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков аудандағы оқуда озат, дарынды, қоғамдық жұмыстарда белсенді, шығармашыл жасөспірімдермен  кездесті.

«Дарынды бала – ел болашағы» атты кездесудің мақсаты – оқу мен шығармашылықта жоғары нәтижелер көрсеткен дарынды өрендерді қолдау болып табылады. Шараға жыл бойы аудан атынан облыс, республика деңгейіндегі сайыстар мен байқауларда жеңімпаз атанып, жоғары жетістіктерге ие болған оқушылар қатысты.

К.Томанов атындағы №183 орта мектебінде өткен шарада аудан басшысы роботехника, көркем еңбек кабинеттерін аралап, оқушылардың үйірмелерінің жұмыстарымен танысты.

Республикалық және облыстық байқаулардың жеңімпаздары өз кезегінде жетістіктерімен келешек жоспарларымен бөлісіп аудан басшысымен еркін форматта сұхбаттасты.

«Елдің ертеңі болашақ ұрпағымызды кішкентайынан Отансүйгіштікке, білім мен еңбекке ұмтылуға, көрегенділік пен адалдыққа тәрбиелеу парызымыз. Елбасының «Кемел келешекке біліммен» деген қағидасын, өмірде берік ұстанып, жастарымыз алдына зор мақсат қоюы керек дегім келеді. Бүгінгі ХХІ ғасырда жаһандану кезеңінде ақпараттық технологияларды жоғары деңгейде меңгеріп, жауапкершілікті сезіну баршаңызға міндет болып табылады. «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті» дегендей білім мен өнер балалардың болашағының жарқын болуына бірден-бір кепіл», – дейді  аудан әкімі Мұса Қалдарбеков.

Тағы да оқыңыз: