Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі күні қант диабеті əлемдегі кең тараған сырқат түрі болып отыр.  Қан құрамындағы қант мөлшерінің көбеюі – қатерлі ісік, жүрек жəне қан айналымы жүйесі ауруларын тудыруы мүмкін. Ол қант диабетінің басталу себебі де болып табылады. Бұл сырқат менен алыс деп ойлауға да болмайды. Тəуекел аймағында миллиондаған адамдар бар, олардың қатарына жастар да қосылды.

Қант диабеті бірінші жəне екінші типті болып келеді. Екінші типті қант диабеті ең көп тараған түрі, сырқаттанушының 85 – 90 пайызы осы типті болып келеді. Инсулинге тəуелді болып келетін бірінші типті қант диабеті генетикалық бейімділіктен туындаса, екінші типті қант диабеті жүре бара, салауатты өмір салтын ұстанбай, дұрыс тамақтанбағандықтан пайда болады.

Диабет бірден пайда болмайды. Өмір бойы денсаулыққа қатысты мəселе туындамас үшін диабеталды кезеңді өткізіп алмау қажет. Диабеталды кезең дегеніміз- қандағы қант мөлшерінің жоғары болуы, бірақ диабеттік кезеңге жете қоймауы. Бұл жағдайды біліп жəне бақылауда ұстау үшін қандағы қант мөлшерін анықтайын қан талдауын тапсыру қажет. Бұл талдау таңертең ашқанынға тапсырылады. Қандағы глюкоза құрамы 5.6 – 5.9-ды көрсетсе – диабеталды кезең болып саналады.

Қант диабетінің алғашқы белгілері келесі жағдайлар болуы мүмкін: ағзаның шөлдеп кептіруіне алып келетін, жиі зəр шығару мен əр уақытта шөлдеу сезімі, əлсіздік, көздің нашар көріп, қарашығында ақшыл қабықшаның пайда болуы, терінің қышынуы. Осы белгілер байқалған жағдайда қанға талдау мен сынама тапсыру қажет.

Жылына екі рет қандағы қант мөлшеріне анализ жасату қажет. Осы арқылы қант диабеті сырқаты басталуының алдын аласыз. 

Жамила Махмутова,

Қызылорда қаласы бойынша

«Қант диабеті мектебі» медбикесі

Тағы да оқыңыз: