Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының полиция департаментінің жергілікті полиция қызметтік саптық алаңында жеке құрамның атақты спортшы, Қамшыбек Қоңқабаевпен кездесуі өтті.
Шымкент қаласында ерлер және әйелдер арасында өткен бокстан Қазақстан чемпионаты мәреге жеткен болатын. Чемпионатта жерлесіміз, Қызылорда қалалық Полиция басқармасының аға лейтенанты Қамшыбек Қоңқабаев жеңімпаз атанды.
«Егеменді еліміздің спортқа деген құрметі ерекше. Маған қолдау білдіріп, барынша демеу болған басшылық құрамына және де әріптестеріме алғыс білдіремін. 1 желтоқсан- Тұңғыш президент күні мерекесімен тұспа-тұс келген осы жеңісімді барша Қазақстандықтар мен Елбасына арнаймын. Тұңғыш Президенттің бастамаларына қолдау жасай отырып, еліміз көп биікті бағындырды. Осынау ел халқының бірлігі мен берекесін ұлықтап, мемлекеттің мерейін асыратын мереке күні Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін»,- деген тілегін білдірді Қамшыбек Бисенбайұлы.
Чемпион Қамшыбек Қоңқабаев Қызылорда қалалық Полиция басқармасында 2018 жылдан бері адал қызмет жасап келеді. Қызметте сауатты, адал, мінезі салмақты Қамшыбек қазіргі таңда өзінің тікелей міндеттерімен қатар, соңынан ерген жас қызметкерлерге бос уақытында жинаған тәжірибесімен бөлісуде.
Сыр елінің мақтаныныша айналған Қамшыбек Полиция лейтенанты ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионы, Болгарияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы, ҚР Спартакиада чемпионы, Тайландтың Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атағына ие. Сонымен қатар Қамшыбек бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны.