Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында Шығыс жастарының жалынды жетекшісі  «Ғани Мұратбаев» атындағы республикалық жастар сыйлығын табыстау салтанаты өтті.

Биыл үшінші рет ұйымдастырылған байқауға 70 үміткер қатысып, солардың ішінде 30 жүйрік лайықты деп танылды.

Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов құттықтау сөз сөйледі.

«Жалын жігер Ғани атамыздың туғанына биыл 117 жыл толып отыр. Әйтсе де, біз үшін ол кісі әлі тірі, жап-жас күйінде елестейді. Жиырма үш жыл ғана өмір сүріп, жаһанға танылған тұлғаға айналған оның ісі мәңгілік жасайтыны сөзсіз. Ғанидың өмiр жолдарына көз жүгiртсең, бiлiмге құштарлық, әдiлдiк, табандылық, ұйымдастырушылық, уәдеге берiктiк, саяси тұрақтылық, шешендiк, адамдармен ортақ тiл табысу, жалған уәде бермеу, әлсiздерге қамқорлық, бастаған iстi аяғына жеткiзу, болашақты болжау сияқты тағылым аларлық қасиеттер бойында тұнып тұрғанына көз жеткiзесiң. Бiр басында осындай мiнез бен қасиет тоғысқан асыл азаматтың өнегесiн ұр¬паққа үлгi ету мiндет десек те, парыз десек те жарасады.Ал Ғани ісін жалғастыра білу бүгінгі ұрпақтың міндеті. Мына заманда «Өнердің кілтін тапқан ғана өрге шабады». Сендер, тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін тарихи жауапкершілік арқалайтын азаматсыңдар. Осы жауапкершілікті сезіне білулерің керек.Тұлпар дүлдүлдігімен, адам білгірлігімен озады. Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек!», – деді Әлімжан Жарылқағанов.

Мұнан соң Әлімжан Жарылқағанов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов, аудандық мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбеков жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарға «Ғани Мұратбаев» атындағы республикалық жастар сыйлығының Дипломын, төсбелгісін және естелік сыйлықтар табыстады.

Биыл «Ғани Мұратбаев» атындағы республикалық жастар сыйлығының жеңімпаздарының қатарында «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Мәселе» бағдарламасының жүргізушісі Нартай Аралбайұлы, бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, жерлес талантты ақын Ақжол Түменбай секілді дарынды жастар бар.

Салтанатты шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, әннен шашу шашылды.

Тағы да оқыңыз: