Kyzylorda-news.kz. Жеке мектеп пен балабақша ашып, балаларды жақсы білім алуына үлес қосып жатқан кәсіпкерлерді қолдау қажет. Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қаржы саласының үздігі Қалқазбек Әжібеков айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы 5 бағыттан тұрады. Бірінші бағыт — еліміздің жаңа экономикалық саясатының жаңа жүйесі туралы айтылды. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда елімізге инвестиция тарту, жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту және шикізат көлемін арттыру бойынша ауқымды жобалар жүзеге асуда. Бұл ретте Президентіміз өз Жолдауында атқарушы органдарға нақты тапсырмаларды жүктеді», — дейді Қалхазбек Әжібеков.

Сала ардагері сонымен бірге халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша ең төменгі табыс деңгейін 70 мың теңгеге көтеру, жастардың кәсіп бастауы үшін жеңілдетілген пайызбен несие беру, жұмыссыздықты азайту туралы оң шешімдер қабылданғанын тілге тиек етіп, қазіргі күні аймақта кәсіпкерлер саны артып келе жатқанын жеткізді.

«Бүгінде облысымызда кәсіпкерлер саны күн сайын артып келеді. Жеке мектеп пен балабақша ашып, балаларымыздың жақсы білім алуына үлес қосып жатқан кәсіпкерлерді қолдауымыз керек. Сондай-ақ оқушылардың мектеп формасы барлығына қолжетімді болуы керек деген ойдамын. Барлық мектеп оқушысы бірдей киім үлгісінде және бір деңгейде білім алуына жағдай жасауымыз керек. Бірлігі бекем елде тірлік тынымды болады», — дейді Қалхазбек Әжібеков.

Тағы да оқыңыз: