Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Бектөре Сұлтан облыс тұрғындары  алдында есептік кездесу өткізді.

Елімізде коронавирус індетіне қарсы  төтенше жағдай жариялануына байланысты есеп беру кездесуі әлеуметтік желі арқылы онлайн режимде өтті.

Бектөре Сұлтан тікелей эфирде тұрғындармен тілдесіп, олардың сұрақтары мен толғандырған мәселелері бойынша  жауап берді.

Халық алдында есеп беру кездесуін Бектөре Жеңісбайұлы ашып,  қылмыстық ахуал мен қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы  атқарылған жұмыс туралы айтып өтті. Онда облыс көлемінде қабылданған шаралар нәтижесінде  2019 жылдың нәтижесімен қылмыс саны төмендеп, қылмыстық ахуалдың тұрақты екендігін сөз етті.

Атап айтар болсақ, қоғамдық орындарда (-17%), көшелерде (-24%), топтасып (-28%), жасөспірімдермен (-28%) жасалған қылмыс саны азайды.

Есептік кездесу барысында Бектөре Сұлтан әлемді дүрліктірген коронавируске қарсы күрестің маңыздылығын айта отырып, тұрғындардан сақтану шараларын   ұстануды, халық көп жиналатын орындарға бармау қажеттігін басып айтты. Әрбір азамат өз денсаулығына және айналасындағы адамдардың денсаулығына жауапкершілікті сезінсе екен деген ойын білдірді. Қазіргі таңда Қызылорда облысы полиция департаментінің жеке құрамы ерекше режимде қызмет атқарып жатыр. Күні–түні рейдтік жұмыстар жүргізіліп, төтенше жағдай кезінде іске асырылатын талаптардың сақталуын қатаң қадағалауда. 

Сонымен қатар, департамент бастығы полиция жұмысын жаңғырту, жаңа сатыға көтеру, азаматтардың құқығын қорғайтын тәртіп сақшысының имиджін қалыптастыру, сонымен қатар, сандық технологияларды енгізу жұмыстары жөнінде айта келіп, тәртіп сақшылары мен халық арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру полиция қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыратынын алға  тартты.

Бектөре Жеңісбайұлы азаматтардың сауалдарын, толғандырған мәселелерін мұқият зерделеп, түйткілді мәселелерін жақын арада шешуге тырысатынын  жеткізді.

Бүгінгі онлайн режимде өткен есептік кездесу барысында тұрғындардың бірі белгілі бір аймақтарда жол белгілерін орнату, техникалық құрылғылар орнату, ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу, Төтенше жағдай режимін  бұзғаны үшін жауапкершілік туралы мәлімет алғысы келсе, енді бірі еліміз үшін осынау жауапты кезеңде күні-түні қызметте жүрген полиция қызметкерлеріне  алғысын білдіріп, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріне  сәттілік тіледі.

Тікелей эфир кезінде департаментке жалпы 100-ге жуық сұрақтар мен ұсыныстар келіп түсті.

Тағы да оқыңыз: