Kyzylorda-news.kz. Отандық «QazVak» вакцинасы тұрғындарға нақты қашан егіле бастайтыны әлі белгісіз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар клиникалық зерттеудің үшінші фазасына келді. Сынаққа 3 мың ерікті қатысып жатыр. Оның тең жартысы вакцинаны салдырған, қалғаны плацебосын қойдырыпты. Ертең солардан сынама алынады. Көп ұзамай нәтижесін жариялаймыз дейді мамандар. Шыны керек, отандық вакцинаға күмән келтіріп жатқандар көп. Өйткені бірінші және екінші фазадан қалай өткенін ғалымдар ашып айтпады. Ғылыми мақала жазуға қол тимей жатыр деп ақталғандай болып еді. Кейін вакцина дайын болғанда оны Түркияда құтыға құяды деген ақпарат тараған соң, бұқара одан бетер күдіктене бастады.

«Біздің вакцинамыз туралы толық ақпаратты үшінші фаза аяқталғаннан кейін ғана айтуға болады. Өздеріңіз білесіздер, бұл вакцинаны әзірлеген адамдар ең бірінші болып соны өздеріне салдырған. Содан бері 9 ай өтті. Қазіргі жағдайлары жақсы. Вирусқа қарсы тұратын иммундық жүйе қалыптасқан. Антиденелер жеткілікті. Зерттеуді жалғастыра береміз», – дейді ҚР БҒМ биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.

Қауіпті індетке қарсы препараттар әзірлеуге қазынадан 2 жарым млрд теңге бөлінген. Ғалымдар бас-аяғы 5 вакцина әзірлеп жатыр. «QazVak» – соның бірі. Одан бөлек, олар жануарларды осы індеттен қорғайтын дәрі дайындап жатыр екен.

Тағы да оқыңыз: