Сұрақ: Оразаның қазасы мен кәффараты қалай өтеледі?

Жауап: Ораза тұтуға толық мүмкіндігі бола-тұра ауыз бекітпеген, үзірлі себеппен ораза ұстамаған, сондай-ақ, ұмытып кетіп ауыз бекітпеген балиғат жасындағы мұсылмандар оразаның қазасын өтейді. Ал, оразаға ниет етіп, бірақ еш себепсіз немесе нәпсісін тежей алмай оразасын бұзған мукаллиф (балиғат жасына жеткен) мұсылмандар оразаның каффаратын (тиісті қарымтасын) өтейді.

Парыз оразаның кәффаратын өтеу үшін бір құлды немесе күнді азат етуі керек. Егер, оған шамасы жетпесе, қаза болған оразаның бір күніне алпыс күн ораза ұстауы тиіс. Мысалы, Алла Елшісі (с.ғ.с) ораза тұту барысында әйелімен жақындасса, ол күннің каффаратын (Бұқари, «Сәум», 30-31) өтейтіндігін ескерткен. Алайда, кәффарат оразаны Рамазан айында немесе ораза ұстауға болмайтын күндері тұтуға болмайды.

Сапарға шығып жолаушы болған немесе сырқат болуына байланысты ауыз бекіте алмаса, оның басқа уақытта ораза тұтып, қазасын өтейді. Ал, денсаулығын қарттық алған, жүкті немесе сәби емізген һәм созылмалы дертке (туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы, тыныс және жүрек демікпесі)  ұшыраған мұсылмандар ұстай алмаған ораза күндері үшін ауыз бекіткен жанның таң ертеңгі (сәре) және кешкі асын  (ифтар) беріп (фидия), қарнын тойдыруы қажет. Тамақтың (сәре мен ифтар есептеледі) ақшасын беріп те фидия жасауға болады. Бұл жөнінде Алла тағала Құран-кәрімде:

«Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек», – деді («Бақара» сүресі, 184-аят) деп бұйырады.

Ұмытып кетіп ауыз бекітпеген немесе білместікпен ораза кезінде тамақ ішіп қойғандар оразаның қазасын тұтады. Қаза болған оразаның бір күніне бір күн ауыз бекітеді.

Оразаның қазасы мен каффаратын өтеуге мүлде шамасы келмеген мұсылмандар тұта алмаған оразасы үшін Алла тағаладан ынты-шынтысымен кешірім сұрауы қажет.

Kazislam.kz

Тағы да оқыңыз: