Kyzylorda-news.kz. Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматы өрт кезінде 10 адамды құтқарып, мемлекеттік марапатқа ұсынылды, деп хабарлайды «Хабар24».

Телеарнаның хабарлауынша, түркістандық Әли отбасымен бірге 2017 жылы Ян Ян шипажайлы қалашығына жұмыс іздеп келген. Оқиға өткен айда болған. 23 наурыз күні түнгі сағат 11-де түтін иісін сезген. Сөйтсе, көрші пәтерлердің бірінде өрт шыққан.

Өрт болған бөлме ішінде әйел қалып қалған. Әли ол бөлменің есігін аша алмай, пәтерге газ құбырымен және телекабельмен өрмелеп шығып, ішіне кірген. Өкінішке қарай, өрт шыққан пәтерде болған әйел кейіннен ауруханада көз жұмған. Отандасымыз өзге көршілерін оятып үлгерген. Соның арқасында олар дер кезінде сыртқа шығып, аман қалған.

«Ішке кіріп, есікті ашып шыққан соң өрт сөндірушілер келді. Жедел жәрдем, бәрі келді. Кәріс әйелді ауруханаға дейін апарды, көмектесті», – деді Әли.

Жерлесіміз ерлігі жайлы да, өрт кезінде денесін күйік шалғаны туралы да туыстарына тіс жармапты. Медициналық көмектен де бас тартқан. Алайда көршілері бой бермей, оны ауруханаға жеткізіп, емге кететін шығынды өздері төлеген.

«Кеше газетте, интернетте сосын фейсбукте шыққаннан кейін үйдегілер көріп, анам жылап жіберді. Ол білмейтін еді. Көрді. Қолым, құлағым, мойным дәкемен оралған. Жұмыста ондай-ондай болды, құлап түстім дедім», – деді ол.

Телеарна мәлімдегендей, Әли жақында үйіне қайтады. Рейсі 1 мамырға жоспарланған. Алайда көршілері оның кеткенін қаламайды. Сондықтан Оңтүстік Корея Президентінің атына хат жазып, жерлесімізді марапатқа ұсыну туралы өтініш білдіріпті.

Көршілері елдің Әділет министрлігіне де оның ерлігі жайлы жазылған мақалалар ұсынған. Соның арқасында оның Кореяда жүріп-тұру уақыты ұзартылды.

Тағы да оқыңыз: