Kyzylorda-news.kz. Алматыда коронавирус инфекциясының тіркелуі көбейсе, жаңа жылдық кештер тоқтатылуы мүмкін, деп мәлімдеді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.

Маман санитарлық эпидемиологтар карантинді күшейту мәселесіне мереке қарсаңында болатын жағдай әсер ететінін атап өтті. Қалада омикрон штамы анықталса, мерекелік кештер тоқтай ма деген сұраққа Әсел Қалықова былай жауап берді.

«Аурудың көбеюіне тек «омикрон» ғана әсер етіп отырған жоқ, оны барлық штаммдар тудыруда. Әлбетте, кейбір қосымша шаралар қабылданатын болады. Ал қазір үкім шығаруға немесе қорытынды жасауға әлі ерте, бірақ шараларды назардан тыс қалдырмау қажет, оларды сақтау керек», –  деді ол.

Маман сонымен қоса зертханалар инфекцияның барлық нұсқаларын анықтау үшін жұмыс істеп жатқанын да айтты.

18 қарашада қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин кез келген ұжымдық іс-шараларға, соның ішінде жаңа жылдық корпоративтік кештерге де тыйым салынғанын айтқан еді. Кейінірек қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ешқандай тыйым жоқ екенін, тек банкеттер өткізу кезінде мекемелер шектеу шараларын сақтау керек екенін айтқан.

Бүгін үкімет «омикронның» таралуына жол бермеу мақсатында бірқатар шара қабылдады. Ол бойынша 11 елден кіруге шектеу қойылып, Египетпен әуе рейстері тоқтатылады.

Stan.kz

Тағы да оқыңыз: