Kyzylorda-news.kz. Балаларда коронавирустың «омикрон» штамы ауыр өтеді, деп мәлімдеді балалардың инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, инфекционист дәрігер Динагүл Баешова. Оның айтуынша, жаңа «омикрон» штамының жұққыштығы жоғары, жылдамдығы дельта штамнан бірнеше есе көп.

«Омикрон барлық жастағы адамдарға, соның ішінде балаларға да жұғады. Бүгінде шетелдік дәрігерлер «омикрон» балаларда өтетінін жазып жатыр, оны өзіміз де оқып отырмыз. Қандай штамм болса да, иммунитеті төмен, созылмалы және онкологиялық ауруы бар адамдарда коронавирус ауыр өтетіні белгілі. Сондықтан бұл инфекция балалардағы инфекциялық аурулар құрылымында бүгінде маңызды орынға ие болып отыр», – деді дәрігер.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі ауру асқынып, вирус жұқтырғандар саны күніне мың және одан да көп адамға жетуіне жол бермеу керектігін хабарлады.

Ол үшін азаматтар эпидемияға қарсы іс-шараларды қатаң ұстануы керек: әлеуметтік қашықтық, бетперде тағу, қол жуу, көз бен мұрынның шырышты қабығына қол тигізбеу, адамдар көп шоғырланған орындарға бармау.

«Өкінішке қарай, ата-аналардың кішкентай балаларымен бірге сауда орталықтарында серуендеп жүргенін көріп отырмыз. Қазір мұндай орындарда демалатын уақыт емес. Балаңыздың дені сау болсын десеңіз, шыдамдылық танытып, баламен оқшаулауланған орындарда қыдыру қажет. Біз Қазақстандағы барлық стационар бойынша сараптама жұмысы жүргізіп, 2020 және 2021 жылдары коронавирус жұқтырғандар санын салыстырдық. 2021 жылы коронавирус жұқтырғандар саны 5 есе, ал ауыр халде жатқандар саны 20 есе артқанын анықтадық», – деді инфекционист.

Ол ата-аналарды респираторлы ауру белгілері бар туыстар мен таныстарға балаларды жақындатпауға шақырды. Себебі коронавируста да тұмау сынды тамақ жыбырлауы, жөтел, мұрын бітуі сынды ұқсас симптомдар бар.

Дәрігер вакциналауды коронавирустан қорғайтын ең тиімді әдіс деп атады.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда коронавирусқа қатысты оптимистік және пессимистік сценарийлерді атады. Оптимистік болжам бойынша, егер халық 100% ревакциналаудан өтсе және профилактикалық шараларды толық сақтаса, онда наурыздың соңына қарай ауру жұқтырғандар саны тәулігіне 17,5 мың адамға жетеді. Реалистік сценарий бойынша, ревакциналау деңгейі 70% және сақтану шаралары ішінара сақталса, онда ауру жұқтырғандар саны тәулігіне 25,5 мың адамға жетеді.

Ал ревакциналау халықтың 40%-іне жүргізілсе және профилактикалық шаралар сақталмаса, онда бір тәуліктегі вирус жұқтырғандар саны 40 мың адамға жетеді.

Sputnik.kz

Тағы да оқыңыз: