Тілсіз жаудан сақтанайық – Kyzylorda News
Басты бет

Тілсіз жаудан сақтанайық

27.11.2021, 15:00

477 0

Kyzylorda-news.kz. Жеке тұрғын үйлерде өртті болдырмау мақсатында өрт қауіпсіздігін сақтау, өрттің тілсіз жау екендігі аз айтылып жүрген жоқ. Сонда да болса өрт оқиғалары жеке тұрғын үйлерде көп орын алып отыр.

Қыс мезгілінде жеке тұрғын үйлерде ережеге сай салынбаған жылу пештерінің ақауынан өрт оқиғалары орын алады. Қысқа әзірліктің бірі – жылыту құралдарын мұқият дайындау.

Дұрыс күтім жасалмаған, сондай–ақ дұрыс салынбаған жылу пеші талай жанды сан соқтырып жатыр. Негізінен ереже бойынша пештің түтін жолдары 3 айда бір рет тазартылып отыру қажет.

Пештің түтін жолдары үйдің негізгі құрылысынан дербес орналастырылуы қажет. Түтін жолы аралығында бос аралық (противопожарная разделка) кесекпен қаланған көлемі 38 сантиметр, отқа қарсы төзімділік құраммен өңделген қорғағыш пайдаланғанда 25 сантиметрге дейін бос аралық қалдырылуы тиіс.

Бұндай бос аралық көлемі балабақша, аурухана, мектеп пен асханаларда көлемі 51 сантиметр болуы шарт. Жылыту пешінің алдындағы еденге көлемі 50х70 сантиметр қаңылтыр қағылады.

Жылыту пешін еденнің бетіне орнатуға болмайды. Уақытша қолдан жасалған темір пештерін орнатқан жағдайда, темір пеш аяқтарының биіктігі 0,2 метрден кем болмауы тиіс, еденнің бетіне бір қатар кесек өріліп, батпақпен сыланып, темір пеш орнатылады.

Ағаш конструкцияларынан және ағаш жиһаздардан 1 метр қашықтықта, беті сыланған қабырғалардан 0,7 м қашықтықта орнатылуы тиіс. Негізінен келгенде пешті арнайы маман кісілерге соқтырған жөн.

Қыстың күні боранда пештің тартпай қалуы немесе саңылауларынан от қашуы салдарынан оны қайта салып әбігерге түспес үшін, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай етіп салу қажет.

Пеш дұрыс жанбаған, немесе жан-жағынан жалын шашқан жағдайда арнайы маманға көрсетіп алған дұрыс. Өрт – тілсіз жау. Өрт зардабы, орны толмас өкінішке душар етеді. Бұл апаттан сақтану үшін әрбір тұрғын үй иесі толыққанды сақтық шараларын жасауы керек.

А.Қуанышбеков,

Қазалы ауданының Төтенше жағдайлар

бөлімінің инженері азаматтық қоғау лейтенанты