Kyzylorda-news.kz.  Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Жиында аймақ басшысы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жаңа басшысы ретінде Құрманбаев Марат Ердәулетұлын таныстырды.

«Марат Ердәулетұлы – аймақтың тыныс-тіршілігімен етене таныс. Өңірде экология департаментін басқарған тұста қоршаған ортаны қорғау бойынша бюджетке қомақты қаржы түсірген тәжірибелі және іскер басшы.
Жұмыс атқарған уақытта өзін білікті, жауапкершілігі мол, қоршаған ортаны қорғау мәселесінде құзыретті, ұйымдастырушылық қабілеті мол басшы ретінде көрсетіп келеді.
Соңғы жылдары елімізде қуаншылық белең алып, соның ішінде Сырдария суының тапшылығы мәселесі туындауда. Осыған байланысты, қазіргі кезде табиғатымызды сақтап қалу басты міндет. Осы орайда, Марат Ердәулетұлы осы кезге дейін жинақтаған мол тәжірбиесін күрделі де жауапты қызметте аянбай қолданатынына, іскерлік қабілетін облыстың табиғат қорғау саласын дамытуға арнап, саланың тамырына қан жүгіртеді деп сенеміз», – деді Н.Нәлібаев.

Құрманбаев Марат 1963 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жамбыл гидро мелиоративтік-құрылыс институтын «инженер-гидротехник» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1980 жылы «Қызылордаводстрой» тресіне қарасты ПМК-9 мекесінде жұмысшы болып бастаған. Аталған мекемеде 1990 жылға дейін бригадир, өндірістік жоспарлау бөлімінің инженері, гидротехникалық құрылыс жөніндегі мастері қызметтерін атқарған.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын ең төменгі сатыдан бастап, кәсіби біліктілігі мен жоғары ұйымдастырушылық қарым-қабілеті арқылы Қызылорда облыстық табиғатты қорғау комитеті Жалағаш аудандық басқармасының басшысы, Арал-Сырдария экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекция бөлімінің бастығы, облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасы бастығының орынбасары – Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы қызметіне дейін саты-сатысымен, мансаптық өсу қағидатымен көтерілген.

Экология саласының майталманы ретінде ол 2013-2014 жылдары Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігінде Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің басшысы, 2015-2019 жылға дейін Энергетика министрлігінде мұнай газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетінің Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің басшысы, 2019 жылдың тамыз айынан бастап экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда, Жамбыл облыстары бойынша департаменті басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.

Тағы да оқыңыз: