Облыс әкімі республикалық ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшілерімен кездесті – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Облыс әкімі республикалық ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшілерімен кездесті

02.11.2020, 11:40

226 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігі жанындағы республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб жетекшісі Ырза Тұрсынзада және Агенттіктің Парасаттылық департаменті директоры Ғанижан Асанұлымен кездесті.
Аймақ басшысы қоғам алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарының маңызы ерек екенін айта келіп, өңірде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы бірқатар жобалардың тиімділігін атап өтті.

«Бүгінгі күні халықпен ашық сұхбат құру және ақпараттандыру шаралары арқылы тұтастық қағидаларын кеңінен дамыту – қоғам үшін өте маңызды іс. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізіп келеді.
Облысымызда бұл бағыттағы жұмыстар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясына және әкімдікпен бекітілген салалық бағдарламаға сәйкес атқарылуда. Қазіргі кезеңде өңірде «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі белсенді жұмыс жасауда. Мемлекеттік қызметшілердің халыққа ашықтығы мен қолжетімділігін күшейту үшін «Open space» жобасы жолға қойылды,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Аймақта «Ақмешіт – адалдық алаңы» жоба аясында Қызылорда қаласы және облысқа қарасты 7 ауданда жобалық кеңселері ашылып, құрамында әр салаға жауапты мамандар бекітілді. Сонымен бірге 53 мекеменің қызметі «Ореn space» форматына, 11 мекеменің қызметі «Сервистік ашық әкімдік» форматына ауыстырылды. 210 мекеме басшыларының қызметтік бөлмелері бірінші қабатқа көшірілген.

Кездесу барысында ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Ырза Тұрсынзада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағытында үгіт-насихат жұмыстарының оң әсер беретінін, қоғамдық сананы жаңғыртуда адалдық, адамгершілік принциптерін сіңіруіміз қажеттігін айрықша атады. Ал, департамент директоры Ғанижан Асанұлы құқық бұзушылықтарды төмендету арқылы экономикалық өсу мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік болатынын қаперге салды.
Биылғы жылдың 9 айының қорытындысымен сыбайластық сипаттағы бұзушылықтар 25 пайызға төмендеген. Ашықтыққа жол ашатын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру қызметі арқылы бүгінде 170 мемлекеттік қызметтің 148 қызмет түрі автоматтандырылды.

Кездесу соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова штаб жетекшілеріне сыбайлас жемқорлықты алдын алуға бағытталған жобалардың ұдайы түрде іске асатынын қаперге салып, бірлескен жұмыстар үшін алғысын жеткізді.

0

Пікір қалдыру