Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазалы ауданындағы егіс алқабының жағдайын бақылады.
Аймақ басшысы Арал ауданынан кейін Қазалы ауданындағы Жалаңтөс батыр ауылына келіп, «Жалаңтөс батыр» ЖШС-нің егіс алқабының жұмысын көрді.
Аталған шаруашылық биыл 1560 гектар жерге дән сепкен. Оның 700 гектары күрішке арналса, 150 гектар аумаққа жаздық бидай ораналасқан. Топырақ құнарын арттыру мақсатында шаруашылықтың 569 гектар жерін ескі жоңышқа, 240 гектарын жаңа жоңышқа алып жатыр.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова шаруашылықтарда аяқ су тапшылығын жою мақсатында суды кезекпен беруді ұйымдастыруды аудан басшылығы мен сала мамандарына тапсырды. Шаруашылық басшыларына Сырдария өзеніндегі судың аздығына байланысты өзара түсіністікпен суды тұтыну қажеттігін айтты.