Облыс әкімі өңірдегі тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау мәселесін қарады – Kyzylorda News
Басты бет

Облыс әкімі өңірдегі тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау мәселесін қарады

25.09.2021, 13:00

399 0

Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласындағы өзекті мәселелер бойынша арнайы жиын өткізді. Отырысқа облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, қала әкімі Ғанибек Қазантаев пен басқарма басшылары және онлайн режимде аудан әкімдері қатысты.

Экология мәселесіне жетілікті деңгейде мән беру Президент Жолдауында нақты айтылған. Бұл ретте аймақ басшысы қала, аудан әкімдеріне 2030 жылға қарай республикалық «Жасыл экономика» тұжырымдамасына сәйкес қалдықтарды өңдеу үлесі 40%, қоқыс шығару қызметімен қамтамасыз ету 100%, экологиялық және санитарлық талапқа сай келетін полигондар санын 95%-ға жеткізу керектігін айтты.

Қазіргі таңда облыста қалдықтарды өңдеу 19%, қоқыс шығару қызметімен қамтамасыз ету 71%, экологиялық және санитарлық талапқа сай келетін полигондар көлемі 5% ғана құрап отыр. Әрине, бұл төмен көрсеткіш. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру қала және аудан әкімдерінің тікелей міндеттері. Жұмысты жүйелі атқаруларыңыз қажет, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Отырыста облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын полигондардың жағдайы бойынша ахуалды таразылап берді. Бауыржан Серікұлы «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес облысымызда қалдықтарды басқару жүйесі 3 негізгі нысаналы индикаторлар бойынша іске асатынын тілге тиек етті.

Бүгінде облыс аумағында түрлі қалдықтарды тасымалдау, жинақтау, қайта өңдеу және жою саласында 41 кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасайды. Ал, Қызылорда қаласындағы «Ибрайхан и К ЛТД» жаяу жүргіншілер жолына арналған төсеніштер жасап шығаруда.

Сонымен қатар, «Smart Rubber» (Смарт Раббер) ЖШС-і автокөліктердің жарамсыз дөңгелектерінен резеңке ұнтақтары мен тамшылатып суаруға арналған түтіктерді өндіруде.

Сондай-ақ, облыс орталығында «Қызылорда Қағазы», «ДаЖаЕр» ЖШС, «Август», «Аймырзаев», «Аян» жеке кәсіпкерлік субъектілері макулатура, қартон, пластмасса, пластик қалдықтарын сұрыптап, жинақтауды жүзеге асыруда.

Облыста 145 полигон болса, оның 7-уі немесе 4,82% экологиялық талаптарға сәйкес келеді. Республикада орташа көрсеткіш – 17,6% құрайды.
Ал, бүгінгі күні Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында экологиялық талаптарға сәйкес келетін полигондар жоқ.
2015-2018 жылдары аралығында полигон алаңдары үшін 145 елді мекенде барлығы 402 гектар жер учаскелері белгіленді. Соңғы 3 жылда 1,4 млрд. теңгеге жаңадан 2 полигон құрылысы жүргізілсе, соның 650 млн.теңгеге жеке инвестордың қаржысы есебінен жүзеге асты,-деді Бауыржан Шәменов.

Экологиялық бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыруда стихиялық қоқыс орындарын анықтап, жедел әрекет ету мақсатында жергілікті тұрғындар үшін іске қосылған «WhatsApp» мессенджерінде «Эко-патруль Қызылорда» жобасы өзінің тиімді нәтижесін беруде. Мәселен, жыл басынан бастап (9 айда) 67 хабарлама түсіп, стихиялық қоқыс орындары анықталып, оларды жою бойынша жергілікті әкімдіктермен жедел шаралар қабылданған.

Отырыста құрылыс қалдықтарын заңсыз тасымалдайтын адамдарды анықтау, оларды жауапкершілікке тарту мәселелері қаралды. Бұл ретте Қызылорда облысының полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов жыл басынан бері заңсыз құрылыс қалдықтарын тасымалдаудың 1834 дерегі анықталғанын тілге тиек етті.

Облыс әкімі қала мен аудан әкімдеріне мұндай заңсыз әрекеттерге жол бермеу қажеттігін еске салды. Сондай-ақ, қала әкіміне Белкөл кентіндегі полигонда қалдықтардың өртенуі, одан жағымсыз иістердің шығуы тұрғындар тарапынан жиі айтылатынын ескеру керектігін атап өтіп, мәселені шешуді тапсырды.

Жиында Гүлшара Әбдіқалықова қоқыс қалдықтарын жинайтын полигондардың жағдайына жеке-жеке тоқталып, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Яғни 5 жылдық кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеп, «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдасамасының индикаторларына қол жеткізуді, экологиялық және санитариялық талаптарға сәйкес келмейтін тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары қалпына келтіруді қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарының әкімдері белгіленген тәртіппен полигонның және сұрыптау кешенінің жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеуді міндеттеді.

Отырыста айтылған тапсырамалардың орындалуын үйлестіруді орынбасары Бақыт Жахановқа жүктеді.

Айта кетейік, облыс әкімі апта басында Қызылорда қаласындағы бірқатар нысандардың жұмысын саралап, Белкөл кентіндегі тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын кешеннің қызметін көріп, экологиялық бағытта қала тазалығын сақтау мәселесін ерекше тапсырған болатын.

0

Пікір қалдыру