Нұртөре Жүсіп: Ел аман болсын десек – ессіз жүрістен, есалаң тірліктен тыйылу қажет – Kyzylorda News
Басты бет

Нұртөре Жүсіп: Ел аман болсын десек – ессіз жүрістен, есалаң тірліктен тыйылу қажет

01.04.2020, 17:30

2234 2

Kyzylorda-news.kz. Сыр өңірі – небір термеге тербелген ел. Қаншама жырау өтті. Сыр сүлейлері деп бәрін мақтан тұтамыз! Сол ақын, жырау, термешілерді жұрт құлақпен тыңдап, жүрекпен ұғатын.

Сырдың халқы сөзге тоқтаған, аталы сөзге құлақ асқан, әлі күнге шейін Сөз қадірін терең сезінеді деп келеміз. Осы байлам жоққа шыққан сияқты ма қалай?

Соңғы бірнеше күнде жұқпалы дерт бірден көбейіп шыға келді. Үйде отыр, жақындарыңды жақсы көрсең сыртқа шықпа, абайла деген ескертпе күнде айтылып жатыр.

Қызылордалық бауырлар! Сіздерге не болды? АҚШ-қа жеткен індет Ақмешіт пен Аралды айналып өтеді деймісіздер? Хорасанға жеткен індет біздің Хорасан бабамыз мәңгі тұрақ тапқан ауданды айналып кетеді деп ойлайсыздар ма? Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарын аттап кетеді деп қай қиялдарыңыз айтады?!.

Тұрмағамбет, Нұртуған, Нартай ақындардың жыр-термелерін тыңдап өскендеріңіз рас болса, Сырдарияның бойындағы қалың елді – өз ағайын, туыс-тумаларыңызды жақсы көретіндеріңіз рас болса, туған еліміз – Қазақстанды сүйетіндеріңіз рас болса – сабыр сақтап, сақтық шараларын жасауларыңызды сұраймын!

Елдікті сақтау – ерлік!

Елдің амандығын сақтау – екі есе ерлік!

Ел аман болсын десек – ессіз жүрістен, есалаң тірліктен тыйылып, Тазалық пен Тәртіпті сақтайық!

Нұртөре ЖҮСІП,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты