Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №10 қаулысы жарияланды. Онда облысымыздағы карантиндік шараларды күшейту тарыл тапсырмалар мен шектеулер қамтылған.

Бірақ, осыған қарамастан аймақта көктемігі дала жұмыстарының тоқтамайтындығын оқып қуандым.

«Көктемгі далалық жұмыстарға байланысты табиғатты қорғау, ветеринариялық жұмыстарды жүргізуге, ауыл шаруашылық, оның ішінде бал ара шаруашылығы іс-шараларына тартылған тұлғалардың көліктерін мемлекеттік тіркеуді растайтын куәліктері (шаруа қожалығы, фермер қожалығы, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші, несиелік серіктестік және шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын), жеке куәліктері, сондай-ақ жұмысшылар үшін қызмет орнынан анықтама (мөрмен расталған еркін үлгідегі анықтама) ұсынған жағдайда блок-бекеттен өтуге рұқсат етіледі», – делінген аталған Қаулының бірінші тарауында.

«Көктемнің бір күні – жылға азық» дейді дана халқымыз. Көктем жетісімен диқан қауым қарбалас тіршілігін бастап та кетті. Алда егін егу науқаны. Зейнеті мен бейнеті қатар жүретін егіншілік кәсібі көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты түрде дайындалғанды қажет етеді. Сыр елі шаруаларының көктемгі егін науқаны дайындығына сақадай-сай болуы үшін карантиндік шектеулер кезінде диқан қауымын елеп-ескергені қуантып отыр.

Жалпы, карантиндік шектеулердің өз уақытында аяқталуы үшін алдымен оның талаптарын толық сақтауымыз керек. Сонда ғана әлемді алаңдатқан індетпен күресте жеңіске жететініміз анық.

Нұрлан НАҒАШЫБАЕВ,

ауыл шаруашылығы саласының зейнеткері.

Тағы да оқыңыз: