Kyzylorda-news.kz. Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі құрылған сәттен бастап тәрбиелік маңызы зор, болашағымыз саналған жастарға қажетті түрлі жобалар бойынша жұмыс істеп келеді. Осы жылдан бастап кеңес «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын қолға алып, бұл бағыттағы атқарылған істер ауқымы арта түсуде.

Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи, ҚР Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді. Аталмыш жобаны жүзеге асыру мақсатында Достық үйінде этномәдени бірлестіктің жетекшілері, өңірлік Аналар кеңесінің белсенділері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, іскер әйелдермен жүздесті. Алдағы жоспарларды талқылады.

Сыр өңіріндегі Аналар кеңесінің жүргізілген жемісті жұмысы туралы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова айтып өтті.

«Біз бірлесе атқарғанда алдымызға қойған ең ұлы мақсат- ұлтымызды мәдениетті етіп тәрбиелеу. Себебі бүгінгі ғалымдар XX ғасырдағы тұлғаларды зерттеп жатыр. Ал бізден кейінгі ұрпақ біздің кезеңіміздегі кімді зерттейді? Осы тұрғыда біз Аналар кеңесі еңбегі жанған арулар, яғни өз күшімен, білімімен жетістікке жеткен жандарды елге танытуымыз қажет. Шалғай ауылдардан шығып, өз қарым-қабілетінің, ана тәрбиесінің нәтижесінде билікке жеткен азаматтардың аналарын жұртқа көрсетуіміз керек. Үйдің модераторы да медиаторы да ана. Сондықтан өскелең ұрпақты дұрыс тәрбиелеу біздің басты миссиямыз. Мәдениетті аналардан ғана мәдениетті ұлт шығады», – деді Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи.

Кездесу барысында отбасылық құндылықтар кеңінен талқыланып, өзекті мәселелер сөз болды. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының негізгі бағыттары бойынша жұмысты қарқынды түрде жүргізу тапсырылды.

Айта кетейік, Аналар кеңесі 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Ал Сыр өңірінде 113 аналар кеңесі бар. Оның құрамында 1103 белсенді ана отбасында өзекті мәселелерді шешуге белсене атсалысып жүр.

Тағы да оқыңыз: