Kyzylorda-news.kz. «Қаңтар оқиғасына» кейбір қатысқандар өздерінің іс-қимылына заңдық тұрғыдан жауап бере алмауы ықтимал. Сондықтан олардың көпшілігінің куәден көрі айыпталушыға айналып кетпеуіне абай болуымыз керек. Осы орайда заңды қолданушы мемлекеттік органдардың өкілдері өте байыпты ұстанымда болғанын қалаймыз. Заң нормасын қолдану барысында заңның негізін құрайтын «ҚҰҚЫҚ» деген ұлы құндылықты ұмытпау керек. Себебі «ҚҰҚЫҚ» ұғымы жоғары гуманистік, яғни адамгершілік құндылықтар қатарынан болып табылады.

Сондықтан, заң нормасын қолдану сатысында, яғни шешім/үкім шығару кезеңінде, кез-келген мемлекеттік жауапты тұлға заң нормасын тікелей сөзбе-сөз емес, адамгершілік тұрғыда кеңінен талқылау негізінде ғана шешім қабылдағаны абзал. Бұған біздің құқық қорғау органдарының құзіреті де қабілеті де жеткілікті деп сенімін.
Кейбір «отты» мәселелер уақыт тезінен, тарих талқысынан өтіп барып бағасын алады. Бұл тарих ғылымының заңдылығы. Ол үшін барлығы қазір салауатты сарапталып, заң аясында шешілуі тиіс.
Ал арандатушылыққа келсек, ол әрекет кімге қарсы бағытталған немесе кімдерге керек болғандығына тарих пен уақыт әлі де өз бағасын, көзқарасын нақтылайды.
Ертеңгі уақытта ұят болмас үшін әрбір сөзімізді, ісімізді тек қана Заң аясында әділетті түрде айтып, жүргізуіміз керек. «Ағашты шапқанда жаңқасы ұшады»,- деген сөз бар. Халық бірлігін нығайту кезінде қылмыс жасағандарды анықтау барысында жазықсыз азаматтар жапа шекпеуі өте маңызды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да нақты айтып өтті.
Өзіміз насихаттап жүрген демократиялық елдердің басты белгісі – кез-келген жағдайда реттеушілік қасиеті жоғары, орындалуы күшті заң жүйесінің болуы. Сол елдерде заңның орындалуы дәстүр ретінде қалыптасқан. Соған сәйкес, азаматтардың көңілі көп жағдайда орнықты. Олар қиналса көмекке келер заңы мен қоғамы бер екеніне сенімді. Ал бізде қоғам мен заң баптары арасында қайшылықтар кездесетіндіктен заңды патриоттық сезіммен емес, қорқыныш, үрейлі сезіммен орындайтын сияқтымыз. Жаппай бақылау, тексеру қоғам мүшелерін бір-біріне сенімсіздікпен қараудың шырмауына түсіруде. Содан барып, қоғамда әділетсіздік көп деген көзқарасты да жиі ести бастадық. Шамасы, «дұрыс» пен «бұрыс» тұжырымын әр адам өзінің шектеулі көзқарасының негізінде қалыптастырады-ау.
Алайда, Президент айтқандай «қай жерде жиналып, не айтсақ та құқығымыз бар» деп ойлайтындардың ісін де астамшылық ретінде түсінемін. Заң ортақ, оны орындау да ортақ жауапкершілігіміз. Заң құдіретін құқық қорғаушылар да айыпталушылар да бірдей пайдалана алатынын естен шығармағанымыз жөн. Әділ сот және құқық қорғау органдарының жұмысына сырттан қысым жасауға тырысушылық жөнсіз іс-әрекет деп бағаланады.
Соңғы жылдары адам құқығын қорғау бағытында елімізде прогрессивті өзгерістер жүруде. Конституциямызға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін білдіру құқығына сәйкес бейбіт митингі өткізу, петиция жариялау қағидаттары заң жүзінде оңтайландырылды. Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші Факультативтік хаттамасына қосылды. Президентіміз «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы әрі қарайғы шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілетті өкіл институты жүйелі нығайтылуда. Осы және басқада құжаттардың өміршең болуына барлығымыз да жауаптымыз. Оның ішінде әділ сот және құқық қорғау органдарының жұмысы ерекше маңызды. «Сот –сөйлейтін заң, заң – мылқау сот» деген қағида өмірге бекерге келмеген.
Халықты, елді басқару жүйесіне барынша жақындатудың негізгі факторы – азаматтық мәдениетті дамыту. Азаматтық мәдениеттің басты мақсаты тұлғаның сапасын, ішкі еркіндік пен мемлекеттілікті құрметтеу, отанын сүю, бейбіт өмірді қолдау, өзін де өзгені де сыйлау, жауапкершілікті мойындау, этносаралық мәдениетті үйлестіре білу. Яғни, жеке тұлғаның азаматтық мәдениеті, оның құқықтық, саяси адамгершілік мәдениетімен анықталады. Осы тұрғыдан келгенде азаматтық мәдениет – бұл қалыпты саяси мәдениет. Белгілі азаматтардың іс-әрекетіне құқықтық баға берілгенде осы мәселелер ескерілуі тиіс.
Заңды тәртіп болғанда ғана Тәуелсіздігіміз тұғырлана түседі. Тәуелсіздікті мақтау, онымен мақтану аз, тек қана жақтау жеткіліксіз, оны көздің қарашығындай сақтау бәрімізге парыз. Ел мүддесін жоғары ұстау, оны ақтау қарыз. Дамуымыз тұрақты, әр азаматымыз қуатты елге айналайық!

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

Облыстық мәслихат хатшысы.

Тағы да оқыңыз: