Kyzylorda-news.kz. Бүгін ҚХА төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен «Мың бала» республикалық байқауының марапаттау салтанаты ZOOM алаңында өтті.

Айта кету керек, Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі мәдени-тілдік ортаны үйлестіруге, рухани ортақ құндылықтардың, мақсаттар мен міндеттердің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше ілкімді жобаларды дәстүрлі түрде жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – жастардың арасында рухани тұрақтылықты дамыту және патриоттық құндылықтарды тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және этнос өкілдеріне қазақ халқының дәстүрін, тарихын насихаттау мақсатында өтетін «Мың бала» жобасы.

Еліміздің барлық аймақтарынан мемлекеттік тілде сөз өнерінің мерейін үстем еткен жас этностар онлайн шарада бас қосып, «Асыл сөз»,«Тіл мектебі», «Абай 175» номинациялары бойынша жүлделі орындарымен марапатталды. Жоба аясында облысымызда онлайн түрде өткен аталмыш байқауға қала, аудандардан барлығы 500-ге жуық үміткер өтінім берді. Нәтижесінде өңірімізден жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар танылған үш үздік қатысушы республикалық байқауға ұсынылды.

Қызылорда облысынан жеңімпаз атанғандарды «Қоғамдық келісім» КММ директоры Азамат Мукеев құттықтап, №233 орта мектебінің оқушысы Алия Шарипаева, Шиелі ауданы №127 мектеп-лицейінің оқушысы Ясмин Тулешова, Арал ауданы №14 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ақгүл Анесоваға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады.

Тағы да оқыңыз: