Kyzylorda-news.kz. Алғыс айту бұл қоғам мүшелерінің адамдардан, табиғаттан немесе бақытты сәттерден алған жақсылықтарына оң жауап беруге мүмкіндік беретін қасиеті немесе көңіл-күйі. Көптеген зерттеулерде алғыс айту адам бойындағы ең маңызды қасиеттердің бірі ретінде айқындалады.
Алғыс айту психологиялық, тұлғааралық, жеке және физикалық тұрғыда пайда әкелетіндігі дәлелденген. Ежелгі римнің саяси қайраткері Цицерон алғыс айтуды барлық ізгі істердің бастаушысы, негізін салушысы деп түсінген. Ғасырлар бойы философтар мен жазушылар Цицеронмен келіскен секілді, олар алғыс білдіруді ізгілік ретінде қарастырып, жақсылықты бағаламау, рақметі жоқтықты моральдық кемшілік ретінде қарастырды. Сондықтан адамның алғыс білдіруі туа біткен қасиет емес және оның дамуын зерттеу қажет.
Алғыс айтуды философиялық тұжырымдама ретінде зерттеу де маңызды. Мәселен, Аристотельден Кантқа дейінгі философтардың алғыс айту туралы ойлары мен идеяларының философиядағы рөлін білгеніміз дұрыс секілді. Философиялық тұрғыдан алғыс айтудың үш негізгі әдісін атауға болады: сыйлыққа немесе жақсылыққа жауап ретінде берілетін сезім; ризашылығымызды білдіру үшін жасайтын әрекет; өмір сүріп отырған дүниеге берілетін алғыс, ризашылық. Сүйіспеншілік пен сенім секілді алғыс айту бұл біздің өміріміздегі өзге адамдарға олардың мейірімділігі, тартымдылығы мен сенімділігі үшін берілетін жауап беру тәсілі. Алғыс айту адамдардың өзгелерді сезінуінен туындайтын әрекетке ұқсайды. Бұл қарым-қатынас барысындағы өзімізді көрсетудің негізгі тәсілі.
Алғыс айту этикетті сақтаудың, әдептіліктің белгісі. Жақсылық жасау жолындағы қайырымдылық азаматтық қоғамды нығайту үшін маңызды. Жаңа дәуірдің Еуропалық ойшылдары ризашылық ауыртпалығынан босатылған саяси экономия туралы пікірлер білдіреді. Бүгінде психологтар алғыс айту тақырыбына қызығушылық танытып отыр және ол позитивті психологияның дамуына байланысты деген пікір басым. Дегенмен, бұл пікір дұрыс емес, дамып келе жатқан құбылыс ретінде алғыс айтуға деген қызығушылық жақында пайда болған жоқ және осы тақырыптағы алғашқы жұмыстардың өзін танымал психолог Ф. Баумгартен-Трамер 1938 жылдары жүргізді. Швейцарлық психолог Ж. Пиаженің пайымдауынша, алғыс айту арқылы ризашылық білдіру балалық шақта пайда болады және моральдық дамудың маңызды аспектісі болып табылады. Адам дамуының позитивті аспектілерін зерттеу ұзақ уақыт бойы даму психологиясы мен моральдық психологияның қайнар көзі болды. Позитивті психологияның әсерінен ризашылық жағымды сыйлықтан бастап адамда бар нәрсені бағалауға дейінгі көптеген ахуалдан кейін туындайтын жағымды эмоция ретінде қарастырылуы мүмкін.
Кішкентай баладан алған сыйы үшін «рақмет» айтуды сұраймыз және ол оны орындайды. Жасөспірім өз киімдерінің достарына қарағанда қымбат екенін бағалайды және арзан киімдер кимейтініне ата-анасына ризашылығын білдіреді. Жалпы күнделікті үй жұмыстары ата-аналар мен олардың балалары арасындағы эмоционалды отбасылық қарым-қатынастағы шешуші рөлді атқарады және балалардың ризашылығын дамытудың маңызды құралы болып табылады. Сирек көретін туысы студентке өзінің армандаған оқу орнына түсуге мүмкіндік береді және ол мүмкіндігінше көп оқуға, кейін осы жақсылығын қайтаруға уәде береді. Жақында ғана көмектескен адамға реті келсе кез келген уақытта көмектесуге дайын боламыз. Жалғыз тұратын кез келген адам өз денсаулығының жақсы екендігіне ризашылық білдіреді. Демек, алғыс айту эмоция, ізгілік, моральдық сезім, түрткілер, шеберлік пен қатынастар ретінде тұжырымдалады. Негізі кез келген іс-әрекетке бейімделуде диспозициялық алғыс айту үлкен рөлі атқарады.
Алғыс айту барысында парыз, міндет және моральды талаптар ұғымдарын пайдаланған дұрыс секілді. Парыз адамның ішкі қабылданған ерікті міндеттемесі, адамның ар-ожданымен ұштасқан міндеті. Бұл этикадағы негізгі ұғымдардың бірі. Мұнда адамның іс-әрекеті моральдық тұрғыдан негізделген қысым немесе негіздеме бойынша жасалады. Міндет болса, мінез-құлықтың субъективті қағидасы ретінде моральдық қажеттілік негізінде бекітіледі. Философияда міндет моральдың императивті түрі болып саналады. Біреу белгілі бір әрекет жасауға міндетті немесе жасаудан бас тартуына болады. Әрекетті моральдық тұрғыдан жасауға міндеттілік немесе жасаудан бас тартушылық адамның адамгершілік тарапынан туындайтын қимылы деуімізге болады. Жалпы моральдық талаптар барлық қоғам мүшелерінің басқаларға қатысты міндеттемелері болып табылады.
Жалпы алғыс айту жақсы өмір сүрудің маңызды компоненттерін иеленген. Көптеген корреляциялық және эксперименттік зерттеулер алғыс айтудың денсаулықты жақсартады деген теориясын растап отыр. Сондықтан қоршаған ортаға жағымды факторлар және өзімізге бақыт пен денсаулық сыйлау үшін үнемі алғыс айтып жүрейік!
Мұрат НАСИМОВ,
Саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институтының директоры, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми сараптамалық топтың мүшесі
