Kyzylorda-news.kz. Көктем шығысымен ауданымызда екі айлық санитарлық тазалық жұмыстары басталатыны белгілі. Бұл уақытта тұрғындар айналаны күл-қоқыстан тазартып, тал егу жұмыстарын бастайды.

Көктемгі тазалық жұмыстарына байланысты аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжіліске Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында орналасқан барлық мекеме-кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Тазалықтың адам өміріндегі маңыздылығына тоқталған Мұрат Ергешбаев аудан тұрғындары мен мекеме-кәсіпорын ұжымдарын елдік іске белсене араласып, көркейту-көгалдандыру шараларына біркісідей атсалысуға шақырды.

«Ауданда 7 наурыз бен 9 мамыр аралығы көктемгі санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандырудың екі айлығы болып жарияланды. Осыған орай Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы 4 аймаққа бөлініп, аудан әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы әр аймаққа жауапты болып бекітілді. Әйтеке би кенті – ауданымыздың айнасы, оның айналасын үнемі таза ұстап отыру – осы отырған баршамызға ортақ іс. Тазалық – әркімнің өз ауласынан, табалдырығынан басталады. Сондықтан әрбір тұрғын өз ауылын таза ұстауға, көркейтуге үлес қосуы керек. Біз көшелерді қанша сәндеп-жөндегенмен, көше бойындағы қоқыстар пен үйлердің қоршауы жөнделіп, сырланбаса мұның бәрі бекер екені белгілі», – деген аудан басшысы барлық мекеме-кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандардың иелері сенбі күнін күтіп отырмай, тазалық жұмыстарын жүргізулері қажет екенін жеткізді.

Мұнан соң кент әкімі Қайрақбай Орынбасаров Әйтеке би кентіндегі тазалық жұмыстары бойынша атқарылған және алда жоспарланған жұмыстар жөнінде айтып берді.

Сондай-ақ, кент әкімі аудан тұрғындары мен тазалыққа жауапты топтың мүшелері қоқыс тастаған немесе көшені бүлдіріп жатқан азаматтарды көрсе 8 775 717 7256 WhatsApp нөміріне суретке түсіріп жіберу қажеттігін айтты. Фотосуретке байланысты кент қызметкерлері тұрғындарға заңдылыққа байланысты айыппұлдар салатын болады.

Басқосуда аудан әкімі аудандық полиция бөлімі, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, аудандық ішкі саясат бөлімі, Жастар ресурстық орталығы, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, аудандық ветеринариялық станциясы мен кент әкіміне күн тәртібіндегі мәселеге байланысты тиісті жұмыстар атқаруды тапсырды.

«Абырой барлығымызға да ортақ. Сондықтан белгіленген аймақтарға ұжым болып ауызбіршілікпен шығып, тазалық жұмыстарын жүргізсек, бұл біздің перзенттік парызымыз. Біз қашанда үлкеніміз қайда жүрсе, сонда бағыт алған ұрпақпыз. Өздеріңіз бас болып, барлық жұмысты бірге істеуге атсалыссаңыздар», – деген Мұрат Нәлхожаұлы мәжілісті қорытындылады.

Тағы да оқыңыз: