Kyzylorda-news.kz. Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әбенов «Жетістіктер формуласы» атты шеберлік сағатын өткізді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әбенов білім алушылармен кездесіп, тұлғалық даму бағытында сөз қозғады.
Жиында жастардың мақсат қойып, еңбек етуі, қоғамдағы белсенділікті арттыру мәселелері талқыланды.

«Қоғамда жастардың орны бөлек. Еліміздің дамуы, болашаққа деген сенімді көзқарастың қалыптасуы жастардың әлеуметтік-мәдени ұғымдық болмысымен тікелей байланысты. Елдің болашағын айқындайтын да – жастар қауымы. Қазір олардың жұмыспен қамтылуына, кәсіпкерлікпен айналысуына бағытталған мемлекеттік жобалар жетерлік. Ең бастысы жастарда жігер, өзгеріске бастайтын батылдық пен ынта болуы керек. Түрлі бастамаларға азаматтық позициясын танытып, интеллектуалдық потенциалын тиімді пайдаланатын білім алушылар мықты тұлға болып қалыптасады», – деді Мұрат Абдуламитұлы.

Сондай-ақ, студенттердің дамуы үшін ортаның ықпал ететінін ерекше атап өтіп, жастар оқуы тиіс кітаптарды ұсынды.

Кездесуде университеттегі жастар ісі жөніндегі комитет жетекшісі Нәбиден Марат белсенді жастарға әрдайым қолдау бар екенін жеткізді.

«Қазіргі кезде оқу орнында 22 жастар ұйымы жұмыс жасайды. Білім алушылардың білім және ғылым, мәдениет, спорт салаларында ғана емес, әртүрлі бағытта дамуы үшін түрлі жобалар атқарудамыз. Бір салаға қызығатын жастардың өз идеяларымен бөлісіп, бірге еңбек етуі көп нәтиже береді. Біз үшін әрбір білім алушының қоғамнан өз орнын тапқаны маңызды. Бүгінде университеттің дарынды жастары халықаралық және республикалық жарыстарда ел абыройын асқақтатып жүр», – деді Нәбиден Маратұлы.

Жиын барысында белсенді жастар өз пікірлерін жеткізіп, жаңа идеяларын ортаға салды.

Тағы да оқыңыз: