Kyzylorda-news.kz. Биыл Сырдария өзеніндегі су тапшылығымен қатар, көктемде жауын-шашынның мөлшерден аз түсуіне байланысты біздің өңірде қуаңшылық жағдайы орын алып отыр. Бұл негізгі кәсібі егін және мал шаруашылығы болып табылатын аудан шаруалары үшін үлкен проблемалық мәселе болып отыр.
Аталған мәселеге орай, бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде бұл маңызды мәселе туралы тағы да сөз қозғалды.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сапарбек Қуатов «Егінді суармалы сумен қамтамасыз ету және мал азығын дайындау туралы» баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.Баяндамашыны тыңдап болған соң аудан басшысы Сапарбек Қуатовқа мал қыстату науқанына дайындық жұмыстары туралы сұрақ қойып, ауданға қажетті жем-шөпті тезірек жинақтауды тапсырды. Мұнан соң Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы және ауылдық округ әкімдеріне не себептен шөп оруға бригадалар жібермей жатқанын сұрады.
«Шабындық жерлері жоқ ауылдық округтеріне біз тегін шөп оратын жерлерді белгілеп бердік. Өздеріңіз білесіздер, бұл жөнінде біз аудандағы 6 шаруа қожалығымен меморандумға отырдық. Ал, Сіздерден осы күнге дейін 1 бригада келмеді. Қыс қыр астында. Осылай жүре берсеңіздер ертең кеш болады. Сондықтан осы кезден бастап ауылдың азаматтарын ұйымдастыру қажет. Бізге ешкім келіп жем-шөп әкеліп бермейді. Қазір жемнің бағасы қолжетімді болып тұр. Осы кезден қысқа қажетті жем мөлшерін нақтылап, сатып алулары керек. Ертең бағасы шарықтап кетеді», – деген Мұхтар Әуесұлы әкімдерге жем-шөп дайындау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру қажеттігін қатаң тапсырды.
Сондай-ақ, шабындық жерлері жоқ Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және Шәкен, Құмжиек, Майлыбас, Басықара, Сарбұлақ округтеріне жем-шөп дайындау мәселесіне жауапты тұлғаларды бекітті.
Күн тәртібіндегі мәселенің маңыздылығына байланысты аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков қосымша баяндама жасап, жем-шөп дайындауға немқұрайлылықпен қарамауға шақырды. Сол үшін Жалағаш, Сырдария аудандарындағы шаруашылықтармен меморандум жасалғанын жеткізді. Сонымен қатар, Қызылқұм, Бозкөл, Тасарық ауылдық округтеріндегі көлдерге зерделеу жұмыстары жүргізілгенін айтып, шабындық жерлер бар екенін тілге тиек етті.
Аппарат мәжілісінің алдында жоспарлы әкімдік мәжілісі өтті.Басқосуда алдымен 3 жылдан аса аудан әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған Ғалымжан Еркебайға аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Өз кезегінде Сырдария аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалған Ғалымжан Бақтығалиұлы әріптестеріне алғысын айтты. Мұнан соң аудан басшысы 25 шілдеде өткен сайлауда жеңіске жеткен Өркендеу, Қарашеңгел және Ғ.Мұратбаев ауылдық округтерінің әкімдерін таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Әкімдік мәжілісінде 2 мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі «2021-2022 жылдар аралығындағы жылу беру маусымы кезеңіндегі әлеуметтік-мәдени нысандардың дайындығы туралы» аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов, «Қазалы ауданының 2021 жылдың бірінші жарты жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы» аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ахметулла Аманов хабарлама жасады.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қысқы жылу беру маусымына дайындық пен жыл қорытындысымен барлық макроэкономикалық көрсеткіштердің жоспарлы межеде орындалуын тапсырды.