Мұхтар Оразбаев: Тұрғындар ұсынысы ескерусіз қалмайды – Kyzylorda News
Басты бет

Мұхтар Оразбаев: Тұрғындар ұсынысы ескерусіз қалмайды

19.08.2022, 12:00

343 0

Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев белгіленген кестеге сәйкес Ғ.Мұратбаев пен Ақсуат ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Ауыл тұрғындарымен кездесуде Мұхтар Әуесұлы алдымен ауданда атқарылған игілікті істерді тілге тиек етіп, алдағы жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар, екінші тоқсанның қорытындысымен өткен кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысымен таныстырды.

Еркін форматта өткен кездесулерде негізінен халықтың ой-пікірлерін, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдауға маңыз берілді.

Ғ.Мұратбаев ауылдық мәдениет үйінде өткен басқосуда тұрғындар жайылымдылық жерлерге аяқ су жіберу, ауыз су құбырларын жөндеу ұсыныстарын жеткізді.

Сондай-ақ, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Базаркүл Жәрімбетова жас ұрпақты ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеуге байланысты айтқан ұсынысы әлі қолдау таппағанын жеткізді. Егер бұл жоба іске асатын болса ауылдағы ақжаулықты аналарымыз жас буынға киіз басып, жүн түту, ұршық иіруді үйретеді.

Ақсуаттық азаматтар ауылдың тұсынан өтіп жатқан көгілдір отын игілігін көрсек деп тілейді.

Ал, Байқожа ауылының тұрғындары елді мекендегі ауыз су мен электр желілерін жөндеу жұмыстары тезірек аяқталып, ел игілігіне берілсе деген ұсыныстарын айтты.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалыда атқарылған әрбір жұмыс тұрғындардың ұсыныс-пікірлері арқылы жүзеге асып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, әрбір тұрғынның сұрағына жеке-жеке жауап беріп, тиісті заңдылықтарын түсіндірді.

Сонымен қатар, барлық тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайтындығын, қажетті шаралар бірлесіп атқарылатындығын жеткізді. Айтылған ұсыныстарға байланысты жауапты сала жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.

Тұрғындармен кездесулерден кейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Ғ.Мұратбаев ауылындағы №91 мектеп пен балабақша, Ақсуат ауылындағы №100 мектепк арнайы барып, білім ордаларының жаңа оқу жылына дайындығымен танысты.

Сондай-ақ, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.