Kyzylorda-news.kz. Атырауда мешітте тәртіп бұзған азаматқа жарты миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Енді әкімшілік құқық бұзған Салауат Досмұханов  505 000 теңге айыппұл төлеуге міндетті.

Kazislam.kz-тің жазуынша, бұдан бұрын да әкімшілік жазаға тартылған С.Досмұханов бір жылдан соң, мешітте қоғамдық тәртіпті бұзған. Дереккөздің жазуынша, биыл 28 қыркүйек күні 20:45 минут шамасында Атырау қаласындағы «Иманғали» орталық мешітінің тәртібіне бағынбай, Құптан намазында имамды тыңдамаған.
Намазда имамның артында бірінші қатарда тұрып, «әмин» сөзін дауыстап айтқан С.Досмұханов  өзіне ескерту жасағандарға дөрекі мінез көрсетіп, айқайлап сөйлеп, жанжал шығарған.

Сот отырысында С.Досмұхановтың кінәсі мешіттің бейнежазбасы мен намазда бірге болған адамдардың куә болуымен толығымен дәлелденген. Куәгерлер Салауат Досмұхановтың мешіттің ішкі тәртібін үнемі осылай бұзатынын айтқан.
Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты Салауат Досмұхановты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 490-бабының 8-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны бойынша кінәлі деп танып, қызметке тыйым сала отырып, оған әкімшілік жаза ретінде 505 000 теңге әкімшілік айыппұл салуға шешім шығарған.

Тағы да оқыңыз: