Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға

Елдің болашағы жарқын, халықтың келешегі кемелді болуы қазіргі жастардың қолында. Әр уақыттың жастары үлкеннен өнеге алып, сол алған тәлім-тәрбиенің арқасында өзінен кейінгі жастарға үлгі көрсетері анық.

Біз дамудың даңғыл жолындағы Қазақстанның бүгінгі жастарымыз. Елдің ертеңгі күні біздің қолымызда екені белгілі. Сондықтан біз жастар болашағымызды бұлыңғыр етпес үшін өз денсаулығымызға бей-жай қарамауымыз қажет. Ол үшін ең алдымен зиянды әдеттерден аулақ болған жөн.

Зиянды әдеттердің бастауы бұл мектеп табалдырығында жүріп шылым тартудан басталатыны белгілі. Темекі шегу теріс әрекеттердің бастапқы қадамы десек, ең сорақысы есірткіге елітіп кету.

Қазіргі таңда жастардың есірткі пайдаланып, оған әуес болуы қоғамның айықпас дертіне айналып отыр. Бұған дейін сыныптағы тәрбие сағаттарында білгеніміздей, есірткі пайдалану ол ең алдымен адамның денсаулығына зиян келтіріп, ағзаны улап, ми жұмысын жаңылыстырады.

Статистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстанда нашақорлардың дені 15-25 жас аралығындағы жастар екені айтылған. Олардың көбі бастапқыда қызығушылықтан бастап, кейін тәуелділікке ұласқаны айдан анық. Есірткіге тәуелділік адамды ақыл-естен айырып, олар 12-18 сағаттан кейін тағы да есірткі пайдаланбаса денесі тырысып, көзінен жас ағады. Сондай-ақ тамақ ішсе құсып, асқа тәбеті болмайды. Жиі іші өтіп, бойынан суық тер шығып, көзі айналып, мазасызданады. Басы, буындары ауырып, бұлшық еттері шаншиды. Мұндай сырқаты бар адам, ашушаң, ызақор болады. Жүйкесі жұқарып, ақыл-естен айырылып, өзінің не істеп жатқанын бейхабар болады.  «Түймедей зат түйедей» болып көрініп, дыбыстар да жаңғырып шығады.

Аталған ауру белгілері пайда болған адамның ойлау қабілеті төмендейді. Ол ар-ұятты ысырып, тек өз тәуелділігін ғана ойлап, ақша табу үшін ұрлық жасайды. Осылайша, бірінен соң, бірі зиянды әрекеттер жасап, өз болашағына балта шабады.  

Көбінесе, есірткіге тәуелді жастардың отбасы көп қиыншылық көреді. Ата-ана баласын уайымдап, оның болашағына алаңдайды. Сонымен қатар оған аяушылық танытып, қаражат та тауып береді.

Біздің мектепте ұстаздар үнемі есірткінің салдарын, оның адам өміріне қауіп-қатерін айтып, осы тақырыпта апталықтар ұйымдастырылып тұрады.

Осы орайда өткен жылы қызылордалық полицейлер заңсыз айналымнан 350 келіге жуық есірткі затын тапқанын айтқым келеді.

2020 жылдың 12 айында облыс көлемінде есірткінің заңсыз айналымына байланысты сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірынғай тізіліміне 386 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 20 есірткі затын сату, 14 есірткі затын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау және 75 құрамында заңмен тыйым салынған есірткі құралы бар сора өсімдігін егу дерегі бар. Сонымен қатар, ҚР ҚК-нің 296-бабында (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) көзделген қылмыстық теріс қылықтың 276 дерегі анықталған.

Заңсыз айналымнан барлығы 350 келі жуық есірткі заты алынды, оның 2 келі 289 грамм гашиш.

Нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан алдын алу жұмыстары іске асырылуда. Атап айтсақ, облыс көлемінде жалпы 328 іс-шара өткізіліп, олардың 9 акция, 96 – лекция, 8 дөңгелек үстел, 24 кездесулер, 9 спорттық іс-шаралар, 166 онлайн-сайыстар.

Атқарылған іс-шаралардың 147 үкіметтік емес ұйымдармен, 185 мектеп инспекторларымен, ал 15 жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарында ұйымдастырылды. Жалпы ұйымдастырылған барлық іс-шараларға 44 мыңға жуық адам қатысты.

Есірткі сату  және  тағыда  басқа  есірткі  заттарына  байланысты  жасалып  жатқан  қылмыстар  мен  құқуқ  бұзушылықатар  жайлы  хабарламаларды  қабылдау  үшін Қызылорда облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында 27-55-42 «Сенім  телефоны»  номері жұмыс атқарады.

Дінмұхаммед ЕРЛАН,

Тәкей Есетов атындағы

№264 мектеп-лицейдің 6 сынып оқушысы

#УПНДПКЗО

Тағы да оқыңыз: