Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметшілерге заңсыз қолданылған тәртіптік жазаларды жоюды тапсырды.

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында облыстағы мемлекеттік органдардың тәртіптік тәжірибесіне жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысы қаралған болатын.

Талдау ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен жүргізілген. Талдау жұмыстары нәтижесімен бірқатар мемлекеттік органдарда тәртіптік жаза қолдану барысында жіберілген заңбұзушылықтар анықталған.

Нақтырақ айтқанда, Қазалы ауданы, Бозкөл ауылдық округінің әкімі өз түсінігінде теріс қылық жасау фактісімен келіспесе де, аудан әкімдігі қызметтік тексеру жүргізбестен «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданған. Дәл осындай заңбұзушылықпен Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасарына да тәртіптік шара көрілген.

«Әдеп жөніндегі кеңес заңбұзушылықтарға жол бергендерді жазалаумен қатар, мемлекеттік қызметшілердің заңды мүдделерін қорғайды. Осы мақсатта, Қазалы ауданы, Бозкөл ауылдық округінің әкімі мен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасарына қолданылған тәртіптік жазалардың күшін жою жөнінде шешім қабылданды», – деді кеңестің жаңадан тағайындалған төрағасы Рафхат Бисенов.

Жыл басынан бері аймақтағы мемлекеттік органдарда 445 қызметші тәртіптік жауаптылыққа тартылған. Олардың басым бөлігіне «ескерту» берілсе, 128-не «сөгіс», 26-на «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Тәртіптік шара алғандардың 184 басшы лауазымдағылар.

Тағы да оқыңыз: