Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде көктемгі көгалдандыру жұмыстары басталды. Бүгінде аулаға 2 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.
«Өткен жылдың қыркүйек-қазан айларында мектепті көгалдандыру картасы жасалған болатын. Ғимараттың әрбір блоктары арасындағы территорияға жан-жақты зерттеу жүргізіліп, қандай ағаштар егілу қажеттілігін анықтадық», – дейді зерттеу тобының жетекшісі, биология пәнінің мұғалімі Ербол Қайнарбаев.
Топырақтың ерекшелігіне сәйкес сол аймақтарда өсімі жақсы бейімделген талдар түрлері тандалып алынды. Жоспар бойынша 600 терек, 100-ден астам үйеңкі, 700-ге жуық бұта-терек, 100 қарағаш, 100 шаған, 65 катальпа отырғызылды. Сондай-ақ, 100-ге жуық қарағай мен арша секілді қылқанжапырақты көшеттер әкелініп, белгіленген аймақтарға егілетін болады.
Мектеп ауласында орналасқан бау-бақшада жеміс-жидек ағаштарының саны шабдалы, сары өрік, қара өрік және алмамен толығуда. Сонымен қатар, бүгінде оқушылар ұстаздарымен бірге тұқымдас ағаштарды бұдандастыру жұмыстарын қолға алып, алдағы уақытта ғылыми зерттеулер жүргізетін болады.
Айта кетейік, білім орданың аймағын жасыл алаңға айналдыру жұмыстарына мектептің барлық педагогикалық ұжымы үлес қосуда. Мектеп территориясын көріктендіру үшін топырақты өндеуге ерекше мән беріліп, суару мәселесін шешу үшін қосымша 4 ұңғыма орнатылды.
