Kyzylorda-news.kz. Бітімгерлер ісі қоғам өміріне соңғы жылдары енген құбылыс емес. Екі жақты татуластыру, дауды екі тарапқа да тиімді етіп шешу – ата-бабадан қалған іс. Қазақ даласында болған билер институты қазіргі медиаторлар ісінің түп-тамыры десек, артық айтқандық емес. Бүгінгі тақырып бітімгерлікке арналғандықтан, ағымдағы жылдың 6 айындағы медиация құрылымының жұмысына тоқталмақпыз.
Жыл басынан бері Қызылорда облысында 615 қоғамдық медиатор тіркелген. Оның ішінде Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесіп жұмыс атқаратын 42 қоғамдық медиатордың тізімі жасақталды.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында облыс көлемінде медиация институтын насихаттауға бағытталған барлығы 21 түрлі форматты іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған шараларда 600-ден астам тұрғын қамтылды.
Медиаторлардың басты міндеті туындаған дауды шешіп, екі жақты келісімге келтіру. Осы орайда жыл басынан бері 6 ай ішінде аймақта қоғамдық медиаторлармен барлығы 268 дау шешілді. Оның ішінде 43 дау бойынша сотқа дейін, 71 дау бойынша сотта медиациялық келісім орнатылған. Ал 154 дау қоғамдық медиаторлардың кеңес беруі нәтижесінде тоқтатылды.
Медиация қызметін жандандыру мақсатында мемлекет тарапынан қаржылық қолдау да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Атап айтар болсақ, биыл «Аймақта медиация институтын ілгерілету» жобасы аясында облыстық бюджеттен 700 мың теңге қаржы бөлінді.
Аталған жоба аясында медиация институтын насихаттау бойынша ақпараттық материалдар әзірлеу, медиация мәселесіне байланысты семинар-тренингтер, ақпараттық-насихаттық кездесулер ұйымдастыру жоспарланған. Сонымен қатар облыстық деңгейде «Үздік мақала» және «Үздік репортаж» байқаулары мен оқушылар арасында ғылыми жобалар сайысын ұйымдастыру шараларын жүргізу қолға алынған.
Жер жаһанды шарпыған коронавирус індеті кезінде де қоғамдық және кәсіби медиаторлар қайырымдылық шараларымен айналысып, пандемия барысында халықтың осал топтарына тегін маска таратты.
Коронавирустың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған қайырымдылық акциясына өңірдегі меценаттар, «Жаңғыру жолы» ЖҚ белсенділері және волонтерлер қолдау білдірді. Облыстық ҚХА мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, еріктілер, «Бітім» медиация орталығы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері мата алып, масканы өздері тіккен болатын. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері күніне 500-ден астам медициналық маска тігіп, оны тарату үшін бірлесіп, белсенді жұмыс жасады.
Сондай-ақ Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орын алған су тасқынан орай ұйымдастырылған қайырымдылық акцияларына белсене қатысып, қаржылай және материалдық көмектер көрсетті.
Қызылордалық бітімгерлер өздерінің білім көкжиегін кеңейту және біліктіліктерін арттыру мақсатында түрлі курстардантөтуде. Атап айтар болсақ, Қызылорда қаласының қоғамдық медиаторларына арналған «Жалпы медиация курсы» өз жұмысын бастады. Курсқа облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының медиаторлары қатысуда. Курс барысында бітімгерлер дауды тиімді шешу технологиялары мен құралдарын толық меңгереді. Дау-дамайлардың алдын алуға және медиация технологияларын өз қызметтерінде қолдануға бағытталған бұл оқу курстарынан барлығы 100 қоғамдық медиатор оқытылатын болады.
Аймақтағы медиаторлардың жұмысы үздіксіз ақпараттандырылуда. Есепті кезеңде жергілікті басылым беттерінде барлығы 18 мақала жарық көріп, телеарналарда 5 репортаж көрсетіліп, медиацияның оңтайлы тұстары туралы халық арасында насихатталды. Медиация институтының күнделікті жұмысын, медиаторлардың халық үшін атқарып келе жатқан игі ісін кеңінен насихаттау мақсатында әлеуметтік желілерде де ақпараттық танымдық мақалалар жариялануда. Мәселен, алғашқы жартыжылдықта интернет порталдарда 36 жарияланым жарық көрсе, “Facebook” әлеуметтік желісіндегі ресми парақшаларда 38 жазба жарияланды.
Соңғы жылдары елімізде медиаторлардың көмегіне жүгінушілер қатар көбейіп келеді. Бұл халықтың бітімгерлерге деген сенім артқандығын аңғартады. Тиісінше, дауды дер кезінде шешу, екі тарапты татуластыру және келтірілген шығындардың да орнын толтыру мақсатында медиаторлар тиянақты жұмыс істеуде. Алдағы уақытта, олардың қоғамға тигізер көмегі әлі де орасан зор болатынына сенім артамыз.
Динара МАХАНОВА