Kyzylorda-news.kz. Мерекелік демалыстағы бос уақыт қызықты өту үшін «Қазақфильм» киностудиясы ұлттық телеарналардың көрермендері мен YouTube қолданушыларына дайындаған кәдесі бар, деп хабарлайды киностудияның баспасөз қызметі.

Мереке күндері телеарналарда көрермендер халықтар достығы, қазақстандық жауынгерлердің ерлігі мен Ұлы Отан соғысы туралы фильмдерді көре алады.

«Бұл күндері «28 панфиловшылар» (реж: Андрей Шальопа, Ким Дружинин, 2016 ж.), «Композитор» (реж: Шерзат Якуб, Сәбит Құрманбеков, өмірбаяндық драма, 2019 ж.), «Әлия» (реж: Б. Шәмшиев, 1985 ж.), сондай – ақ «Қазақстанның түркі халқы» циклынан «Түстің дәмі» (реж: К. Әбелдинова, 2018 ж.) және «Жіп» (реж: Н.Садуова, 2018 ж.) сында басқа да қызықты фильмдерді тамашалауға болады», – делінген хабарламада.

Айта кетсек, жақында «Қазақфильм» өзінің YouTube-тегі ресми арнасында Ұлы Отан соғысы туралы фильмдер топтамасын ашық көрсетілімге шығарды, енді «Ұлы Жеңістің 75 жылдығы» плейлистінде Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Ораз Әбішев, Нұрмұхан Жантөрин сынды классиктерімізбен қатар т.б. 21 фильм бар. Плейлист тізімі болашақта толықтырылып отырады.

Сондай-ақ, киностудияның YouTube арнасынан «Қазақстан – біздің ортақ шаңырағымыз» анимациялық фильмдерінің топтамасы мен 20 ғасырдың отызыншы жылдарында болған Қазақстанға жаппай жер аударғандар туралы баяндайтын «Жерұйық» (реж. С.Тәуекел, 2011) фильмін тамашалауға болады.

«2020 жылы 7 мамырда «Қазақфильм» киностудиясының YouTube-арнасында режиссер Сатыбалды Текеевтің «Генерал Ертаев» деректі фильмі және режиссер Егор Кончаловскийдің ресейлік теледидаршылар мен қазақстандық кинематографистер тобының Алматыдан Ауғанстанға деректі фильм жасау мақсатында саяхаты туралы баяндайтын «А-ға оралу» көркем фильмі көрсетілімге шығады. Сондай-ақ осы арнада режиссер Лейла Аранышеваның «Десант» фильмін көруге болады», – деп хабарлайды киностудия.

8 мамыр күні қазақ киносының корифейі, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімовтың туған күніне орай отандық телеарналарда «Асанәлі Әшімов. Сыр тұнған айсберг» («Ел Арна») және «Әруақ» (Kazakh TV) көркем фильмі көрсетіледі. Осы күні «Қазақфильмнің» YouTube-арнасында қазақ және орыс тілдерінде актердің өмірі мен шығармашылық жолы туралы «Шарайна – шындық шебері» деректі фильмі шығады.

2020 жылдың 8 мамыр күні сағат 15:00-де www.sputniknews.kz  сайтында «Нүркен Әбдіров. Ұлдарымның кенжесі» деректі фильмінің онлайн-тұсаукесері болады. Аты аңызға айналған ұшқыштың ерлігі туралы баяндайтын кинотуынды жас ұрпақ үшін батылдық пен шабыт көзі болып табылатыны сөзсіз. 10 мамыр күні сағат 19:10-да «Ел Арна» телеарнасында деректі фильмнің телевизиялық премьерасы болады.

«Ұлы Жеңіс күні – 9 мамыр күні сағат 10:00-де «Қазақфильм» киностудиясының ресми youtube-арнасында режиссер Әсет Ерназаровтың «Мен ораламын» деректі картинасының онлайн-тұсаукесері өтеді. «Мен ораламын» деректі фильмін 9 мамыр күні, «Ел Арна» телеарнасында Нұр-сұлтан уақытымен сағат 13:35-те, сондай-ақ 10 мамыр күні сағат 00:05-те көруге болады», – делінген хабарламада.

Тағы да оқыңыз: