Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемов Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Маханбет Бержановтың отбасында болып, Жеңіс күні мерекесімен құттықтады.
Аудан әкімі майдангерге ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев пен облыс әкімі Г.Н.Әбдіқалықованың құттықтау хаттарын табыстап, ерліктің елге мұра, ұрпаққа үлгі екендігін айта келе, Отан үшін от кешіп, бейбіт өмір сыйлаған қарт майдангерлерге алғысын білдірді.
Маханбет Бержанов 1925 жылғы 21 қыркүйекте Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Еңбек ауылсоветінде дүниеге келген.
1942 жылы «Қызылоктябрь» орта мектебін бітіріп, 1943 жылғы 27 наурызда Қармақшы аудандық әскери комиссарияты арқылы Кеңес армиясының қатарына алынады.
1943 жылдың 25 сәуірінен осы жылдың шілде айына дейін Чита облысының Мациевская станциясындағы 94-атқыштар дивизиясының 9-полкінде қатардағы атқыш болған. 1943 жылдың шілде айынан 1946 жылдың тамыз айына дейін Чита қаласындағы
1036-атқыштар полкінде телефонист болып қызмет атқарады.
1945 жылдың 9 тамызы мен 2 қыркүйек аралығында Забайкал фронтының 36 армиясының 1036 атқыштар полкінің қатарында автоматшы болып империалистік Жапонияға қарсы соғысқа қатысады.
1947 жылдың мамыр айынан сол жылдың шілде айына дейін 41 пулеметтік – артиллериялық полкінде радиотелеграфист болып сол 79 разъезінде әскери қызмет атқарады. 1948 жылдың ақпанында КСРО Министрлер Кеңесінің 1948 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен әскер қатарынан босанып, елге оралады.
Соғыстан кейінгі жылдары бірнеше ауданда ішкі істер бөлімі аға оперативтік уәкіл болып қызмет атқарды. Отставкадағы милиция полковнигі.
Бүгінгі күні 7 ұл-қыз тәрбиелеп, 25 немере, 16 шөбере сүйіп отыр.
