Kyzylorda-news.kz. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын өткізуге қанша қаржы бөлінетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, екі науқан да тұрақты және конституциялық мерзімдерге сәйкес келеді. ОСК олардың жоспарлы сипатын ескере отырып, 2020 жылғы республикалық бюджетті нақтылау аясында сайлауды өткізуге арналған шығыстардың болжамды сметасын әзірлеп, Үкіметке ұсынды.

«2020 жылға арналған шығыстардың болжамды сметасы 10,8 млрд теңгені құрады. Бұл шығыстардың негізгі үлесі 10 061 сайлау комиссиясының 70681 мүшесінің еңбекақысына тиесілі, яғни бұл сома 7,3 млрд теңге немесе 68 пайызы. Қалған 3,5 млрд теңге немесе 32 пайызы сайлау комиссияларының ұйымдастыру шығыстарына жоспарланған. Осы орайда бюллетеньдерді, полиграфиялық және басқа да өнімдерді дайындау, сайлау процесінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу, сайлау комиссиялары үшін қажетті материалдық-техникалық жағдайлар жасау ескерілген», – деді С. Мұстафина.

Оның айтуынша, пандемия жағдайында барлық карантиндік шараларды сақтай отырып, науқан жүргізіледі. Сондықтан сайлау комиссияларының мүшелерін жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге 341,4 млн теңге сомасында шығындар көзделген.

«2016 жылғы Парламент Мәжілісінің өткен сайлау науқандарымен және 2019 жылғы президенттік сайлаумен салыстырғанда алдағы науқанға арналған шығыстар өсті. Бірінші кезекте, шығыстар көлемінің артуы сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстардың ұлғаюына әсер еткен жалақының ең төменгі мөлшерінің артуымен байланысты. Екіншіден, халықтың табиғи өсуіне байланысты жаңадан құрылған 86 сайлау учаскесіне, жаңа учаскелік сайлау комиссияларының құрамында 600-ден астам мүшеге жұмсалатын шығындар ұлғайды. Үшіншіден, тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бағасының инфляциясы, сондай-ақ пандемия жағдайында сайлау өткізуге байланысты міндетті шығыстар өсудің объективті факторлары болып отыр», – деді ол.

Сонымен қатар С. Мұстафина науқан екі бюджеттік жыл аясында өтетінін атап өтті.

2021 жылға арналған шығыстар «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында 4,5 млрд теңге сомасында көзделген және бұл соманың барлығы дерлік сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбегіне ақы төлеуге жұмсалады.

«Осылайша, тұтастай алғанда, ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының Біріккен сайлау науқанына шығыстардың болжамды сметасы 15,3 млрд теңгені құрайды. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалану жөніндегі ұтымды шешім болып саналады», – деді ОСК хатшысы.

Тағы да оқыңыз: