Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Балайым Кесебаева, Абзал Ералиев, Геннадий Шиповских және Бақытбек Смағұл Сыр өңіріндегі жұмыс сапарлары барысында Арал ауданында болып, аудан орталығынан шалғай орналасқан Атанши ауылдық округі, Жіңішкеқұм елді мекені тұрғындарымен кездесті.

Ең алдымен іс-сапар барысында Мәжіліс депутаттары Жіңішкеқұм елді мекеніндегі №230 орта мектебінің жағдайымен танысып, мектеп ұжымымен кездесті. Қазіргі таңда аталмыш мектепте 119 оқушыға 26 мұғалім білім беруде.

Мектеп ұжымымен болған кездесуде депутаттар «Педагог мәртебесі» туралы Заңдағы жаңалықтарды баяндады.

Өз кезегінде мектеп ұжымы педагог мәртебесіне қатысты жаңа заңды ризашылықпен қабылдады. Алайда, оқулықтарға, кадрлар даярлауға, сондай-ақ, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қатысты министрлік тарапынан көптеп жұмыстар жасалса дейді олар.

Жалпы мәжіліс депутаттарымен кездесуге ауыл ақсақалдары, ұстаздар, медицина саласының мамандары, жастар, кәсіпкерлер қатысты.

Әңгіме барысында Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл бұл кездесудің негізгі мақсаты елдегі азаматтардың жағдайын көзбен көру, ауылдық елді мемекендерді дамыту, азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытында мемелкет тарапынан жасалып отырған жұмыстардың жүзеге асырылуын, сонымен бірге ашық пікір алмасу арқылы жергілікті жерлердегі негізгі проблеммалық мәселелерді анықтап, оларды заңнамалық тұрғыда жүзеге асуына қолдау білдіру екенін айтты.

Сондай-ақ халық қалаулылары жиында Президент Жолдауындағы әлеуметтік мәселелер, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, атаулы әлеуметтік көмек жүйесіне енгізілген өзгерістер мен мал ұрлығы, зорлық-зомбылық, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, ауылшаруашылығы саласы бойынша заңға енгізілген толықтырулар жөнінде кеңінен баяндап өтті.

Мал шаруашылығын кәсіп еткен елді мекеннің негізгі өзекті мәселесі – аудан орталығына жету жолының қиындығы, мен ғаламтор мәселесі екен. Осыған орай, ауыл тұрғындары депутаттардан жол қатынасы мен интернет желісін реттеп беруді сұрады.

Тағы да оқыңыз: