Kyzylorda-news.kz. Республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы Жаңақорған ауданында қорытындыланды.

Ел тағдырына елеңдеп, ұлт болашағы үшін деп жүрген аналармен жылы жүздесу өтті.
Жүздесу басталмас бұрын Қызылорда облысынан келген Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова бастаған делегацияны Жаңақорған ауданының әкімі М. Тлеуімбетов қабылдады.
Қабылдауда алдағы жоспарлар мен осы жоба аясында жүзеге асырылытан ауқымды жұмыстар сөз болды.

Мұнан соң аудан аналарымен жүздесу басталды.

«Барлық ұлтта, барлық дінде бір ғана мақсат қойылады. Ана – адамзаттың ұрпағын жалғастырушы және тәрбиелеуші. Сондықтан, басқа ұйым емес, барлық ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп отырған Ассамблеяның ұлт тәрбиесі, отбасы құндылығы бағытындағы жұмыстарды алғашқы болып қолға алғаны көңіл қуантады» – деді өңірлік кеңестің төрайымы Р.Ахметова.

Жүздесуде делегация мүшелері, аналар кеңесінің белсенділері Қаламқас Каримова, Әйгерім Алиева, Жақсыгүл Тоғанова, Манат Алмашева, Ирина Шек, Қуанышкүл Мырзабаева сөз сөйлеп, ел мүддесі үшін салауатты да саналы ұрпақ тәрбиелеу және үлгілі отбасы бейнесін қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Ұлт денсаулығы, бала бақыты, отбасындағы ана, әке рөлі жайында аудандық аналар кеңесінің белсенділері тұшымды ой пікірлерімен бөлісті.

Жылы жүздесуде еңбегі елеулі аудандық аналар марапатқа ие болды. Шара аналарға арналған әсем әнмен аяқталды.

Аналарда бір ғана мақсат бар. Ол аймақтағы нәзік жандыларды қолдау. Қай кезде болмасын, қазақтың қыздары өздерінің батылдығымен, қайраткерлігімен танылған. Ондай қыздар Сыр өңірінде жетерлік. Тек оларға қолдау көрсету керек. Ана – өмір жасаушы құдірет қана емес, сол өмірді гүлдендіруші. Ал Аналар кеңесі сол жандардың еңбегін бағалау арқылы қарапайым аналарды да назардан тыс қалдырмай, жұртшылыққа таныстыруды мақсат көреді. Осы бағыттағы жұмыстарды да жандандырады.

Тағы да оқыңыз: