Kyzylorda-news.kz. Әлемді жаулаған пандемия адамзат өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, сан жылдан бергі өмірімізде басшылыққа алып келе жатырған құндылықтар-ымызды да өзгертті.

Бұл індеттің елді де, жерді де, мемлекетті де таңдамайтынын білдік. Қазір жер бетінде оның қолы жетпеген ел қалмады десекте болады. Барлық мемлекеттер экономикалық қиындықтарға тап болып, барлығы дерлік қиын қыстау кезеңді бастан кешіп жатыр. Зиялы қауым өкілдерінің пікірі бойынша бұл індет пен дағдарыс болашақта ғаламдық өркениетті өзгерістерге түрткі болады деп болжауда. Адамзат үлкен өзгерістер алдында тұр! Шындығында да адам санасы жақсы жаққа қарай өзгере бастағаны байқалады. Қылмыстың азайғаны, табиғаттың қалпына келе бастағаны жайлы жарыса жазуда. Алматылықтар қаласының ауасының тазарғанын айтып қуану үстінде. Кей жерлерде құстар келмей кеткен көлдерге құстардың қайта оралуында жақсылыққа жоруда!

 Осындай қиын қыстау кезеңде мемлекет тарапынан Қазақстан халқы қамқорлыққа бөленуде. Үкімет тарапынан пандемия кесірінен уақытша табыс көзінен айрылғандар 42500 тенге, әлеуметтік әлсіз топтарға Нұротаннан 50000 тенге берілуімен қатар коммуналдық өтемдерге де 15000 тенге берілуде. Мыңдаған маскалар таратылып, барған жерде қолдарыңызға зарарсыздандырғыш құйып күтіп алуда.

Тәртіп сақшылары адамдардың сыртқа шығып ауру жұқтырмауын темір тәртіппен тік тұрып қадағалап тәулік бойы қызмет етуде. Бәрі де адам үшін!

Бизнес өкілдері өз шамаларына қарай қаражатымен бөлісіп көмек қолын созуда.Осы шаралардың бәрі адамдарды риза етіп, олардың уақытша қиындықты жеңіп, болашаққа сенімін арттырып, қалыпты өмір сүрулеріне мүмкіндік беруде. Көптеген адамдар ешкімге айтпай – ақ, өз еріктерімен мұқтаж жандарға азық түлік әперіп жәрдемдерін беріп жатырғандығында көріп отырмыз. Басқа түскен ортақ нәубет адамдарды жақындастырды. Осының бәрі адам жанын толғандырып олардың ризашылық сезімдерін тудыруда. Ең басты байлық – рухани байлық екенін мойындатып отыр.

Қазіргі қалыптасқан жағдайда осы індет адамдарды дәрігер мен ұстаздың еңбегін бағалауға үйретіп отыр. Мектептерде сабақтар өз ретімен өтілуде.Оған мұғалімдермен қатар ата аналарда қатысып көмектесуде. Адамдар өз үйінде, бала шағасының қасында жұмысында жасап, балаларына, үйдегі қарт ксілерге қарап қамқоршы да болып отыр.

Бәрінен бұрын Гиппократ антына адал ақ халатты дәрігерлеріміз өздерінің ауру жұқтырып жатырғандықтарына қарамастан, күні түні үйлеріне бармай науқастардың жанында, барынша адал қызметтерін орындауда.

Осындай халде көңіл құлазыған шақта халқымызға жасалып жатырған қамқорлық елдің еңсесін көтеріп, рухын асқақтатуда!

Елдік пен бірлікті дәріптейтін, ұлтты бірігуге шақыратын үндеулерде айтылуда. Біздің халық бұған дейінде талай тар жол, тайғақ кешуден аман шыққан шыныққан халықпыз. Сол сияқты бұл қиындықтан да бірлігіміздің арқасында сүрінбей өтетіндігімізге халық сенімді. Ең бастысы, осынау қиын қыстау сәтте халқымыз бір адамдай жұмыла түсуде. Осы бірлігіміз арқасында басымызға түскен қиындықты да жеңетініміз сөзсіз.

Осы аталған жолдардан басқа адамдардың адамгершілігі, өзгеге қамқорлық таныту қабілетініңде, мейірім мен махаббатты, ізгілік пен сыйластықтың, жана­шырлықтың қадірініңде рөлінің зор екендігін мойындамасқа болмас!

Біздер Қорқыт Ата университетінің профессор оқытушылары қазіргі жағдай талабы бойынша үйде отырып жұмыс істеудеміз. Университетіміз тап болып отырған қиындық жағдайдан аман есен шығу үшін және осы жағдайда білім алушыларды олардың алуына тиісті біліммен қаруландыру үшін бір адамдай жұмылып барлық жолдарды қарастыруда. Ол үшін қашықтан оқыту технологиясының қыр сырын зерттеп, түйгендерімізді білім беруде пайдаланудамыз, яғни бір сөзбен айтқанда кәсіби жетілумен айналысудың ма­ңыз­дылығын сезінудеміз. Біз күтпеген індеттен түйгеніміз де үйренеріміз де жетерлік. Карантин өміріміздің қайсы бір саласы болмасын біздің беріктігімізді саралайтын емтиханға айналып отыр.

Өтілуге тиісті жоспарланған іс-шаралар өз ретімен жүргізілуде. 23 сәуірге жоспарланған студенттердің ғылыми–тәжірибелік конференциясы өткізілуде. Алда жауапты кезең – жазғы сессия күтіп тұр. Осындай маңызды кезең алдында 24 сәуір күні университет ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы Каримова студенттерді толғандырып жүрген сұрақтарға жауап беріп, талап тілектерін тыңдау мақсатында онлайн кездесу жоспарланып отыр. Сәуірдің 24-29 аралығында барлық пәндерден мектеп оқушылары үшін олимпиада өткізу жоспарланып отыр. Олимпиада жеңімпаздарына ректор грантын жеңіп алып унверситетіміздің студентіне айналу мүмкіндігі беріліп отыр.

Карантинмен біз өз қызметіміздегі кемшілігімізді ақтай алмайтындығымызды өткір сезіне отырып, алдағы уақытта өзіміздің технологиялық дамуымызға мән беріп сол бағытта жұмыс істеу керектігіне көз жеткізіп отырмыз. Осы бағытта бұрын игермеген дағдыларды игеріп бірсыпыра жұмыстарды бастап та кеттік.

Дәл осы кездегі басымызға түскен қиындық, қазақтың Абайының көрегендікпен айтып кеткен «бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» ұстанымы, яғни «талап, еңбек, терең ой, қанағат және рақым қой» деген сияқты қасиеттерді бойымызға сіңіре білудің қажеттігін бізге терең ұғындырды десек болады. Дәл қазір санамыз сілкініп, қоғам бұлқынып жатыр, яғни өзгеріс үстіндеміз. Өзгерісіміз үшін біз осы індетке борыштармыз. Одан әлі де талай сабақтар аларымыз сөзсіз. Өзімізді өзгерте отырып өмірімізді дұрыс арнаға саламыз. Лайым да солай болсын!

Қиындықтарға көнеміз,

Ажырамасын іргеміз!

Бірлікпен бәрін жеңеміз!

Біз Сіздермен біргеміз!

Күлбарам СӘДУАҚАСҚЫЗЫ,

педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор

Тағы да оқыңыз: